Әбілқайыр Қуат

Әбілқайыр Қуат

1992 жылдың 3 тамызында Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Саралжын ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Ә. Дербісәлин атындағы орта мектепті бітірген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі, тележурналист.

 

СЕН – КӨКТЕМСІҢ

Көктем – сенсің. Сен – көктем. Егіз ұғым.
Қайтарар сол шақтағы кезімді кім?
Сен кеткен басқа қала көктемінен,
                        Біздегі сағынышты сезін, гүлім.

Наурыз сайын өзгеше бір күйге өтем,
Жолығысу кездейсоқ - үрейге тең.
Самарқанның сары тасы жібісе де,
Сенің қызыл жүрегің жібей ме екен?

                        Сенің үнің – дауысы жылғалардың,
Сенбесең, ән салғанда тыңдап алғың.
Ішінен қардай еріп шықпашы тек,
Күлкімен көмкерілген мұң жанардың.

Есімді алад елестеп елден кейпің,
Кемтар қылдың жүректі емделмейтін.
Келеді ертең аққулар бізге ұқсаған,
Бірақ енді, білемін, сен келмейсің.

Көктем лебі, көресің, қарап тұрмай,
Ауылда атыңды айтар, дала тынбай.
Бағыма қонбасаң да желден күтем,
Бір тал шашың қолыма қонатындай.


САҒАН ҰҚСАС ҚЫЗ КӨРСЕМ...

Саған ұқсас қыз көрсем
тұйықталған көшеден, даңғылдардан
естеліктер есте ойнар әр жылдардан.
 Дәл осылай сені де жұбата ма,
тербетіп тәлкегінде тағдырлы арман?

 Саған ұқсас қыз көрсем,
автобуста кездейсоқ ұшырасып
жанарыңдай жанардың мысы басып,
 еңсемді езіп тастайды бейтаныстық,
екпінімді ентіккен құшуға асық.

Саған ұқсас қыз көрсем,
вокзалдағы жолаушы арасынан
ынтыққанда бермейді сана шыдам.
Уақытынан поездың қап қойғандай,
қаламын да көз жазып аласұрам.

Саған ұқсас қыз көрсем,
аэропортта, бортында самолеттың,
орын таппай өтірік қарап өттім.
Бұлтқа сіңіп ұшақтай жоғалатын
                        неге балғын күлкімді ала кеттің?

Саған ұқсас қыз көрсем,
аудандардан, шалғайда ауылдардан,
бейшарадай қуандым бағым жанған.
Ең бақытты жердегі жігіт шығар
жасыл өңді шыршадай шағыңды алған.

Саған ұқсас қыз көрсем,
университеттердің дәлізінен,
ажыратпай аңдыдым әр ізінен.
Іздегенің іргеден табылмаса
үкілеген үміттің мәнісі кем.
 Бет-бейнесі сияқты болар сәттің,
ажарыңмен елестеп алаңдаттың.
Қынжылтады дүниеде жан дүниесі
қайталанбайтыны адамзаттың.