Таразы Есет келіні

Таразы  Есет келіні

(1865-1894)
            Таразы Қаленқызы 1865 жылы Бершүгір тауының қойнауында дүниеге келген. Әкесі бай, ағалары болыс болған. Есет Көтібарұлының қолдың саласындай сегіз ұлының ең кішісі Дәуге тұрмысқа шыққан. Таразы ақылмен ауыл-аймағын билеген, атақ-абыройы келін болып түскен Қабақ руына тегіс мағұлым болған үлкен бедел иесі. Таразы өз өлең-толғауларында, айтыстарында ел тәуелсіздігі үшін күрескен атасы  Есеттің іс –әрекеттерін дәріптеген, сол арқылы елін, отарлық езгіге қарсы күреске шақырған. Бір-екі ауыз қалжың өлеңдері де әлі күнге ел аузында. Ер Есеттің сегіз келінінің ең кішісі Таразы  Есет ауылының  шаруашылығын ұршықша иіреді. Үлкен той, айтулы ас беруде ұйымдастыру шараларын, сайыс түрін,қай қонаққа не тиесілі екеніне дейін өлшеп-пішіп отырған. Үлкейген Есет батыр бірте-бірте ауыл билігін кіші келініне біржола беріп қояды. Кеңес сұрай, басқа да шаруаларымен келгендерге: «Таразыға бар!»-дейді екен. Ақылы асқан келіні  ата көңілінен шығып, бәрін ойдағыдай тындырыпты.
Ақын қыздың артында қалған мұрасының  ішіндегі құнды бөлігі –қайын атасы Есет Көтібарұлы 1888 жылы қайтыс болғанда шығарған жоқтаулары. Есет батыр қайтыс болған соң басына сексен адам жиналып сәулетші  Еспенбетұлы Қошықтың басшылығымен төрт бұрышты, төрт күмбезді кесене салынады.Осы кесене біткенінше Таразының тағаты таусылады, себебі мұсылман діні бойынша мәйітті қойған кезде әйел затының ол жерге еріп баруға құқы жоқ.  Кесене біткен бойда барып көрмек болған Таразыға ақсақалдар алғашында қарсылық білдіріп, соңынан бір шарт қояды. «Жарайды, келісейік, бірақ сені Қырғызқазғаннан түсіреміз, сол жерден тамға жеткенше атаға деген зарыңды төрт шақырым бойы өлеңмен жеткізесің. Егер мүдіріп қалсаң кері қайтасың» дейді. Таразы сол шартты орындап атасының тамына дейін еш мүдірместен жоқтау айтып барған екен...
Таразы ақын жиырма тоғыз жасында көз жұмады. Сүйегі Шалқар ауданындағы Құлақжиде деген жерде. Ақынның суреті 2009 жылы ұрпақтарының қолынан алынған.              
Таразы. Өмірбаян // Шалқар энциклопедиясы / Бас ред.Тілешев Т.-Шалқар, 2009.-266 б.
Таразы Қаленқызы. Өмірі мен шығармалары // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе.«Полиграф-услуги»,2001.-129 б.
Таразы Қаленқызы. Өмірі мен шығармалары // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы /Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.-  Ақтөбе, 2006.-55 б.
Таразы Қаленқызы. Өмірі мен шығармалары //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов. -«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-235 б.
Таразы ақын: Өмірбаян // Оралмағанбетов Ж. Еспағанбетов М. /Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі.- Алматы, 2001.-156 б.
Асанов Ж. Таразы: [Өмірі мен шығармашылығы] // Ақтөбе, 2009.-26 б. -29 қазан
                                                       *             *             *
...Ата-еке, құтты болсын тіккен Ордаң,
Әйелге бұйрық емес, келдім зордан.
Әйелдің әулиесі –ата-енесі,
Жаяулап зират еттім жары жолдан.
Көргенде Ақ Орданы қуанғаным.
Қуанған қорыққанмен бірдей екен,
Тоқтатып  көңілімді тұра алмадым.
Тоқтамай көңіл шіркін қайда барсын,
Лақатқа жалғыз жатқан қия алмадым.
Діндарлар, аулымыздың молдалары,
Судырап аят-қадис оқыр бәрі.
Әйелді мазаратқа жібермейді,
Далаға кететіндей олжалары.
Ата-еке-ау, құтты болсын мешіттерің,
Бітірді деп кеше ғана есіткенім.
Қараймын қырға шығып қайта-қайта,
Себебі осы болды кешіккенім.
Ата-еке-ау, қызыл жүзің ақ болды ма,
Сүйегің етің кетіп тап болды ма?
Басыңды мен келгенде бір көтермей,
Келінің шыныменен жат болды ма?..