Мырзабай Ақілгек

Мырзабай Ақілгек


1997 жылы 6 маусымда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Бұлақтыкөл ауылында дүниеге келген. Жыр мүшәралары мен айтыстардың жеңімпазы.

                Ханзадам

Сен қыңырсың, ал мен болсам еркемін,
Тартысумен өтті талай келте күн.
Мінезімді білесің ғой өрмін мен,
Өкпелетпе, тентегім!

Фархад болсаң, мен Шырынның ізімін,
Жүрек –кепіл, сары гүлмін жүзі мұң.
Маған сені қызғандырған ұнайды,
Бірақ, мені қызғандырма,Бұзығым!

Бақыт деген, сенсің, бағым, бұл шыным,
Жалғыз ғана мен білетін қыр-сырын.
Жүйкеме көп тие берме, жарай ма?
Бұлдандырма, Қырсығым!

Гүлмін десем, сен екен ғой сабағым,
Жылу берді жалын шашқан жанарың.
Менен кейін ешкім мендей болмайды,
Бір кезімде бағалай біл, Бағалым!

Сені ойласам қолдан түспей қаламым,
Ғазал жазам, соған жетіп бар әлім.
Маған өзге керек емес ештеңе,
Сен жақсы жүр, Жаманым!

Кездерім аз саған өлең жазбаған,
Жүрек сырын түсінбесең назданам.
...Менде кейін «сарай ақын» болармын,
Әзірше сен кейіпкер бол, Ханзадам!