Жиенбаев Сағи

Жиенбаев Сағи

 (1934-1994)

            1934 жылы 15 -мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында туған. 1955 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін, Жезқазған кенішінде мұғалім болып қызмет істеді. Сол кездері өлеңдері республикалық баспасөзде жариялана бастады. 1956 жылдан бірыңғай әдеби жұмыспен айналысты. «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болды. Көп жылдар «Жазушы» баспасының поэзия редакциясын басқарды.
            Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек», Б.Жұманиязовтың «Махамбет»  операларының либреттосын жазған. Бірнеше ән текстерінің авторы. Ақын өлеңдері туысқан халықтар тілдеріне аударылған,шет ел тілдерінде басылған.
А.Пушкин, М.Лермонтов, О.Туманян, В.Брюсов, Я.Смеляков, Р.Ғамзатов, Д.Кугультинов, М.Қаноатов өлеңдерін аударып жеке кітап етіп шығарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен  марапатталған.

Жиенбаев С: Өмірбаян // Қазақстан Жазушылары. Анықтамалық / Құраст. Қамшыгер С. Жұмашева Қ.-  Алматы: Ан-арыс, 2009.-167 б.
Жиенбаев С: Өмірбаян// Байғанин ауданы энциклопедиясы / Бас ред. Кемешов Б.- Ақтөбе,2008.-192 б.
Жиенбаев С.Қарлығаш:Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1959.
Жиенбаев С. Сыйлық: Өлеңдер жинағы. –Алматы:Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1960.-40 б.
Жиенбаев С. Дала гүлі. - Алматы: Жазушы, 1961.
Жиенбаев С. Теңіз сыры. Өлеңдер.-Алматы: Жазушы,1963.
Жиенбаев С. Таң алдында: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1964.
Жиенбаев С. Менің көршім: Поэмалар. -Алматы: Жазушы,1965.
Жиенбаев С. Қайырлы таң: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы,1965.
Жиенбаев С. Ақ толқын: Өлеңдер. –Алматы: Жазушы,1967.
Жиенбаев С. Ор киік: Өлеңдер. -Алматы: Жазушы,1969.-88 б.
Жиенбаев С. Алтын қалам: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1971.
Жиенбаев С. Жадымдасың, жас күнім: Таңдамалы. –Алматы: Жазушы, 1972.
Жиенбаев С. Әлия: Лирика, поэма. –Алматы: Жазушы,1973.-96 б.
Жиенбаев С. Оймауыт: Жыр. Дастандар.-Алматы: Жазушы,1975-120 б.
Жиенбаев С. Ақ самал: Өлеңдер. –Алматы: Жазушы,1976-118  б.
Жиенбаев С. Құралай салқыны: Өлеңдер мен дастандар.- Алматы: Жазушы,1979.-136 б. Жиенбаев С. Бозторғай: Өлеңдер.- Алматы: Жалын,1980.
Жиенбаев С. Іңкәр дүние: Таңдамалы.- Алматы: Жазушы,1981.
Жиенбаев С. Жарық жұлдыздар: Поэмалар.- Алматы: Жалын,1983.-344 б.
Жиенбаев С. Нан мен тұз: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1984.
Жиенбаев С. Бақ құсы: Таңдамалы лирика. –Алматы: «Раритет», 2002.-232 б.
Жиенбаев С. Алтын қалам: Өлеңдер. –Алматы: Атамұра, 2003.-279 б.
Жиенбаев С. Өмірбаян мен өлеңдері //Екімыңжылдық дала жыры. Өлеңдер жинағы. /Бас редактор Ә.Нысанбаев.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы,2000.-485б.
Жиенбаев С: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе.- 2006.-161 б. 
Жиенбаев С: Өмірбаян мен өлеңдері // Жиырмасыншы ғасыр жырлайды: Қазақ поэзиясының антологиясы / Құраст.С.Абдрахманов.Т.1.-Алматы: Раритет, 2007.-105 б.-«Алтын қор»  кітапханасы.
Жиенбаев С: Өлеңдер  // Өлең өлкесі: Қазақ табиғат лирикасының антологиясы / Құраст. Ж.Әскербекқызы.-Алматы: Жазушы, 2009.-299 б.
Әбдіразақұлы Б: «Сағи туралы сыр»: [Ақын С.Жиенбаев туралы] //Ақтөбе,- 1996.- №51, 17 желтоқсан.
Отарбаева Б: «Жем бойында өтті менің жастығым...» [С.Жиенбаев туралы естелік] //Ақтөбе.- 2001, 16 ақпан.

Дүйсенбайұлы Е:  Сағидың дауысы: [С.Жиенбаев туралы]  // Ақтөбе.- 2004.-12 ақпан.

 Миров М: «Үн мен ұғым үйлесімі» [С.Жиенбаевтың 80 жылдығына] //–Ақтөбе .-2014.- 24 сәуір.


    *         *         *    
                               Жем бойында өтті менің жас күнім,
                               Көргенім жоқ бірақ оның тасқынын.
                               Жатады тек көк жібектей судырап,
                               Маңдайынан сипап жердің тас құмын.

                               Қашпайды ол көшіп жүрген құмақтан,
                               Құмақты өзі әуел бастан ұнатқан.
                               Өз қайнары бір басына жеткен соң,
                               Дәметпейді басқа мөлдір бұлақтан.

                               Лепірмейді жар құлатып, тас ұрып,
                               Көктемде де көрген емес асығып.
                               «Сен толқысаң, толқиын, - деп, - бірге мен»,
                               Жатқан емес көк теңізге асылып.

                               Ештеңеге баса-көктеп ұрынбай,
                               Ешкімге де айналшықтап бұрылмай,
                               Ағады тек туған жерін айналып,
                               Анасының сүйген жалғыз ұлындай.



    *         *         *     
Жалғыз екен демеңдер...
Жебеушім бар, -
Жан-жағымнан қоршап тұр нелер шыңдар.
Мені көрмей тұра алмас көк орманым,
Құз басынан құлдырап келер сулар.
Бұлар барда, көңілді бұлт басқан ба,
Бұлар менен қашпайды,
Жұрт қашқанда,
Жалғызсырап отыр ем,
Көрдің бе әні –
Жұлдыз біткен жүгіріп шықты аспанға.
Көргенім жоқ бұлардың жалғандығын,
Болған емес бұларсыз қалған күнім.
Будақ-будақ бұлттарын ертіп алып,
Келеді әні –құйғалы ақ жаңбырым.
Ұшып келіп таулардың баурайынан,
Көктемім жүр оралып шалғайымнан.
Менің көңіл күйімді бағады  ылғи,
Саусағымен сипалап маңдайымнан.
Неге жалғыз болам мен бұлар барда,
Қуанғанда біргемін, мұңайғанда...
Менің көпшіл жүрегім енді ажырап,
Жалғыз өзі жата алмас бір аңғарда...