Жөкей Шаңғытбайұлы

Жөкей Шаңғытбайұлы  

(1901-1969)
 1901 жылы Ырғыз ауданы, Ұзынкөл ауылында туған. Руы- Шөмекей. Кезінде Ырғыз, Әйтеке би аудандарында кеңінен танылған талантты ақын. Ақтөбе өңірінде өмір кешкен эпик ақындардың ақырғы тұяғы. Жөкей  соңында 16-17 дастан қалдырған. Кеңес тұсында бір ғана дастаны «Құл мен қыз» 1964 жылы Алматыдан шыққан «Батырлар жырының» үшінші томына енген. Эпик ақынның «Айша қыз», «Орқабай», «Опасыз жар», «Ақ кер», «Шоңбас», «Дөңарық», «Ақ нар», «Қара кетпен», «Екі қожа», «Елемес-Аман», «Дәме сұлу» сияқты эпикалық жырлары 2007 жылы Алматыдағы  «Ел-шежіре» баспасынан шыққан жинаққа енген. Оның «Кене хан», «Кілем жайған», «Жанқожа батыр» атты дастандары әлі күнге дейін жария көрген жоқ.
Жөкей 1969 жылы Ырғыз жерінде дүниеден озған.

Шаңғытбайұлы Ж: Өмірбаян // А.Мұсаев: Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы.- Ақтөбе, 2006.-131 б.
Жөкей Шаңғытбайұлы: Дастандар / Құраст. Асанов Ж.- Алматы: Ел-шежіре, 2007.-288 б.
Шаңғытбайұлы Ж: Өмірбаян // Ырғыз: Энциклопедия. -Дала ЖШС, 2010.-179 б.  
Шаңғытбайұлы Ж. Өмірі мен шығармалары // Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-321б.
Шаңғытбайұлы Ж.  Асыл қазына: Жинақ./ Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе «Полиграф-услуги», 2011.-220 б.
Ж.Асан. С.Жаянқызы. Жөкей және оның «Құл мен қыз» дастаны. [Ақтөбелік эпик жыршы Ж.Шаңғытбайұлы туралы] // Қазақ және әлем әдебиеті.-2005.-№6.-4б.
Кәртен Б. Эпиктердің соңғы бір тұяғы Жөкей еді // Ақтөбе. -2008.-10 қаңтар.

       
               ҚҰЛ  мен  ҚЫЗ
                      (үзінді)
...Сол кезде қыз Әйім мен ер Талайлы,
Түстенді Тебірге кеп атты жайды.
Түс ауа тас шоқыға шығып алып,
Көз салып алды-артына, абайлайды.
Басында тас шоқының екеу ара,
Басқа жоқ сөйлесерге жолдас-жора.
Бір кезде арт жағына салса көзін,
Көрінді шоғырланған бір шоқ қара.
Көрген соң шоқ қараны кетті шошып,
Келеді зулап салып, жүйткіп, жосып.
Секілді бір бөлек қол аттанған жау,
Қырық кісі жүрген жері басын қосып.
Талайлы деді Әйімге.-Қуғыншы екен,
Жүре бер, мен қалайын, алдын тосып.
Дегенсін қуғыншы екен зәресі ұшты,
Басына тағдыр салды мұндай істі.
Мөлтілдеп көзінен жас, көңілі босап,
Қоштасып, қол алысып айырылысты.
Қуғыншы келе жатқан көріп көпті,
Бұл дұшпан әлде қайтер өңкей кекті;
Жарына қандай зауал тап болар деп
Көл қылып көзден жасты Әйім төкті.
Талайлы деді Әйімге: - Сабыр сақта,
Сүйендік тәуекелге не болсақ та;
Талайға тас түссе де көтермекпіз,
Орынсыз түк пайда жоқ қаймықпақта.
Қош, Әйім, қолыңды бер,ыразы бол,
Тәуекел не деп болса болды осы жол!
Адам басы-өмірдің добы деген,
Көрерміз іс ілгері, белгісіз ол.
Қыз Әйім қош айтысып кетті жүріп,
Талайлы тас шоқыда қалды тұрып.
Қия алмай Талайлыдай есіл ерді,
Артына қарай берді мойнын бұрып.
Тағдырға тәуекел деп көніп қалды,
Қаймықпай қайратына сеніп қалды.
Тұрғансын әрі-бері көп ұзамай,
Дүркіреп қуғыншы да келіп қалды.
Ақырып арыстандай қарсы ұмтылды,
Төзе алмай екпініне қол жыртылды.
Қасқырдай қойға тиген быт-шыт қылып,
Сабылтты, жауды кейін  серпілдірді.
Жапырып жауға қарсы ұмтылғанда,
Кез келді батырсынған Байқадамға.
Тайсалып тәңірі алғыр қаша берді,
Жасқанып, жалт-жұлт етіп оңды –солға.
Тайсалдап жүргенінде жалт-жұлт етіп,
Желкеден салды найза қуып жетіп.
Құлады аттан аунап етпетінен,
Көк найза өңменінен көктей өтіп.
Түсірді батырды аттан ағып өтіп,
Өзгесін қуа берді дүркіретіп,
Түсірді төрт кісіні шалқасынан,
Бірінен соң біріне қуып жетіп...