Бакиева Балагүл

Бакиева Балагүл

1984 жылы  9 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылында дүниеге келген. 1990-2000 жж. Ақтөбе облысы Темір ауданы Жамбыл орта мектебінде білім алып, 2006 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Әр жылдары Темір ауданы Жамбыл орта мектебінде кітапханашы, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкер, облыстық тілдерді дамыту орталығында оқытушы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Абайтану» кабинетінің меңгерушісі қызметтерін істеді. Қазіргі таңда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында кітапханашы.
Өлеңдері облыстық басылымдарда, республикалық  «Таңшолпан» журналында жарияланған.
Бакиева Б: Өмірбаян // Темір энциклопедиясы / Жауапты шығарушы Әділханұлы М. –Ақтөбе: «А-Полиграфия», 2010.-213 б.
Бакиева Б: Өмірбаян мен өлеңдер // Темірқанат:  Ақтөбе облысының жас суретшілері мен ақындары.- Ақтөбе: «Ақжар-АБК», -2005.-23 б.   
Бакиева Б: Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012.-23 б.
Бакиева Б: Өмірбаян мен өлеңдер // Сыймай кеткен қалыпқа: Ө.Нұрғалиевке арналған өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2018.


                                            Ақтөбе
Ақтөбем, жазсам жырға сыясың ба?
Алыс кетсем аңсатар ұясың ба?
Қанат байлап жаныма баптадың да,
Ұшырдың қиялыммен қия шыңға!

Сүйіп келген  секілді күнді барып,
Алаулаған сағымнан сырды ұғалық.
Ойыл, Темір, Жем, Елек еркелейді
Нұрсұлудың биіндей мың бұралып.

Көктем келсе құлпырған гүлді бау-бақ,
Жүрегіндей Әлияның тұрды лаулап.
Тұлпарлардың тұяғы дүбірлесе
Ұйқыдағы қос Есет бір –бір аунап...

Жататын, гүл жамылып, сыр ақтарып,
Бәкірдің әнін шырқап бұлақтарың.
Боз жусанға сыбырлап Есенбайдан
Өлең оқып тұрғандай құрақтарың.

Ерлерге өнеге етер үлгің неше,
Ұқсасын Қобыландыға ұлмын десе.
Басталғандай Көкжардың жәрмеңкесі,
Қазанғаптың күйлері күмбірлесе.

Тамсанбаған жан бар ма айналаңда,
Бауырыңда ақ тары жайнағанда?!
Әлем саған тағы да құлақ түрді
Димаш ұлың бұлбұлдай сайрағанда!

Ақтөбем, аяулы әнім, ардақ елім,
Сенде өскен сірә, арманым бар ма менің?
Жағасында Темірдің сылаң қағып,
Айдынына Шалқардың қонған едім.
Әлиманың аяулы әні сынды,

Шалқарың «шабыт» деген бал ұсынды.
Таразыңдай тарихта қалмасам да,
Арымдай қорғап өтем намысыңды!
Мәңгілік сағыныш

Енетінсің түсіме жылап жатып көз ілсем,
Табиғаттың тамаша туындысы едің сен:

Бәйтеректей саялы құшағыңда өстім мен,
Болмысыңды аяулы таба алмадым ешкімнен.

Мейірімді жүзіңді шұғылалы күн дер ем,
Шуақ төккен әрқашан, мұңаюды  білмеген.

Алақаның аялы – самалы ғой даланың,
Маңдайымнан сипаса бір марқайып қаламын.

Қос жанарың – тұңғиық теңіздердің өзіндей,
Талай түндер отырған бас жағымда көз ілмей...

Қасың сенің –қиылған, туған айдай көркем ед (і)
Қара ормандай шашыңды ағарттым ба ертерек?

Ақ жаулығың –ақша бұлт, кір шалмаған ешқашан,
Асқар таудай бейнеңмен мен еріксіз қоштасам.

Сымбатың – тік, бейне бір шыңға бітер шынарсың,
Қандай дауыл соқса да құламайтын шығарсың...

Деп ойлаушы ем, тағдырға қарсы тұрар хал қайда?
Мың сынағын сыйғызған жарты қарыс маңдайға.

Сол жазмыштың алдында дәрменсіз ек біз неткен?
Уақыт емші болмайды, өте берсін жүз көктем!

Ойлап жатып мен таңда көз ілемін кемсеңдеп,
Өзің жайлы тағы бір тамаша  түс көрсем деп.

...Сағыныш боп сол сәтте жастығыма тамасың,
Көз ілейін, тағы да бір көрінші, АНАШЫМ!



                                                        Ө м і р
Жастығымды ұрлайсың,
Жылдап, айлап, апталап.
Жылатсаң да жырлайтын,
Мендей саған жоқ қонақ.

Ессіз сүйем сені мен,          
Адам айтса сенгісіз.
Періште боп келіп ем,
Кім боп кетем, белгісіз.

Қызыл-жасыл өмірім,
Көзім сірә, тоя ма?
Қонағыңнан, Тәңірім,
Дәм-тұзыңды аяма!

Аязы бар, оты бар,
Жақсы-жаман аралас,
Мейман деген атыма,
Жылап кету жарамас.

Жазғаныңды көрейін,
Тауда қалсын көп ізім.
Тірлік күйін төгейін,
Бер, Қорқыттың қобызын.

Үлгерем деп жан салам,
Жанып тұрған білтемін.
Барым беріп мен саған,
Алатыным- бір кебін.
                                           
                                    Ұсындың бақыт шарабын,
                                    Құя түс, тағы, тоймадық.
                                    Ғұмырым кетіп барады,
                                    Сағат тілімен айналып...