Тәжікова Ақтолқын

Тәжікова Ақтолқын

  1994 жылы 2-маусымда Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде туған. Осы жердегі №3 мектептің түлегі. Облыстық, республикалық ақындар мүшайраларының  жеңімпазы. Республикаға танымал әншілер Ақтолқынның сөзіне жазылған әндерді жиі орындап жүр.

Тәжікова А: Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы.- Ақтөбе, 2012.-87 б.

       Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Мұндағы өрілген қыш,
ою-өрнек,
емес-ау зеріккенге ойын, ермек.
Жыландай ирелеңдеп араб әрпі,
Күмбездің барады әні, бойын өрлеп.

...Солғандай заһарынан гүл-шоғының,
Өн бойым бір ысынып, бір суынып.
Тарихтың соқты елестеп жел-құйыны,
Түркістан даласынан құм суырып.

Қағілез, тегеурінді қаршығадай,
Темірдің демеңіздер шартын оңай.
Қисайтпай, қышты қалай қадады екен,
Құлдардың аяқ-қолы қалтырамай.

Шертіліп шежіресі болған істің,
торабы жатыр мұнда толғаныстың.
Күмбездің жобасын ап кім барды екен,
Алдына Әмір сынды жолбарыстың?

Әулие, хан да, би де құлақ асқан,
Батылдық болмас сірә, бұдан асқан,
қаймықпас хас ажалдан ерлер бар-ау,
кетсе де төбесінен құлап аспан.

Тот баспай саф алтыннан жетсе дерек,
Біз оны жаңғыртамыз екшеп, елеп.
Рухы күмбезді өрген шеберлердің,
Айналып қарлығашқа кетсе керек.

Бұрымдай өрілген қыш,
ою-өрнек,
ұрпаққа болмас сірә, ойын, ермек.
Мың, миллион қарлығаштар қалықтап жүр,
Күмбездің шырқау биік бойын өрлеп.