Бақтыбай ақын

Бақтыбай ақын

(ХҮІІғ.)
         Қазіргі Темір ауданы жерінде дүниеге келген. Туған, өлген жылдары белгісіз. Бақтыбай  ақынның атағы Ақтөбе аймағында кең тараған «Ақтолғай» әні арқылы елге жақсы таныс.

Бақтыбай ақын: Өмірі мен шығармалары //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.-Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-32 б.
Бақтыбай ақын: Шығармалары // Асыл қазына: Жинақ./Құраст.Ж.Асанов.- Ақтөбе: «Полиграф -услуги»- 2001.-154 б.
                                                     *        *       *
Бозінген зарын мен де құштым,
Үстінен көлігімнің жерге түстім.
Туған жер жусанынан үзіп алып,
Иіскелеп, қойныма қойдым салып.

Бозінген қимай кетсе өскен жерін,
Мен –дағы қимай соны көшкен едім!
Өлкеме енді, міне, қайта оралып,
Жас алып жанарыма, тұрдым налып!

Пау, шіркін, туған жердің иісін –ай,
Жататын Ойыл-Қиыл сүйісіп –ай!
Бір мін жоқ сенің болмыс –бітіміңде,
Тәтті еді-ау сенің ащы түтінің де.

Сырлы үнін бұлақтардың сағынғанмын,
Соны ойлап, күй сазынан жаңылғанмын.
Бірге өскен кішкентайдан құрбылар-ай,
Сендерді аңсап айттым жырды талай.

Сағындым белден асқан арай күнді,
Сағындым жерімдегі лала гүлді!
Сағындым бәріңді де туғандар-ау!
Сендерсіз менің жаным нұрланбады-ау!

Сендерсіз менің жаным құшты жалын,
Сендерсіз басымнан бір ұшты бағым!