Кереева Индира

Кереева Индира

1986 жылы 6-тамызда Темір ауданында  туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің журналистика мамандығын бітірген. Қазақстан Журналистері одағының мүшесі, «Қобыланды» медалінің иегері. Қашаған Күржіманұлы атындағы республикалық жыр мүшайрасының І- орын иегері.«Шұғыла» әдеби бірлестігі ұйымдастырған «Қарасаздың мұзбалағы» атты М.Мақатаевқа арналған мүшайраның бас жүлдегері. «Керек. инфо» газетінде тілші.
Кереева И: Өмірбаян // Темір энциклопедиясы / Жауапты шығарушы Әділханұлы М. - Ақтөбе «А-Полиграфия» 2010.-310 б.
Кереева И. Дауыстар диалогы: Өлеңдер. –Алматы: «Жазушы», 2013.-112 б.- «Жас толқын» сериясы.
Кереева И. Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла. Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012.-31б.
                                        Жасырын нөмір

Тағы да жүдетіп жүректі,
Санамды мазалап құнсыздық.
Ұялы телефон шыр етті:
Тұтқаны көтердім...
ҮНСІЗДІК...
Тағы да күрсініс.
Апырмай,
өмірім шыдар ма мұндайға?
Абонент нөмірін жасырмай,
Телефон соғуға болмай ма?
Тырналап жүректің жарасын,
Өкініш, өксікпен өрілген.
Несіне телефон соғасың,
Күн сайын жасырын нөмірмен?
Күресіп намысың, арыңмен
Соқпашы жасырын нөмірмен.
Мен сені сеземін жаныммен,
Мен сені танимын деміңнен...
Жанарда моншағым мөлдіреп
Тұрамын әл жетпей «кім» деуге...
Сені де сағынды бұл жүрек,
Құшағыңды аңсады бұл кеуде...
Әдейі адасып, шоқ басып,
күресем өзіңсіз өмірмен.
Өтінем, телефон соқпашы,
Жылатып жасырын нөмірмен!

                                                *          *         *
Қалада...
Көшеде...
Бәрінен ада боп, адасып,
Біреуге кектеніп,біреуге жаны ашып,
Біреулер осынша сүлесоқ қалпыма
таңырқай қарасып
келе жатырмын...

Ақтөбе. Бұл қала
куәгер мендегі мұңға да,
мендегі жырға да.
Ақтөбе біледі, содан соң
біледі түн ғана:
Үзілген сыр біздің
көше бұл... Жанымнан жырды үздім.
...Көктемі күлмейтін қалада
Үміті қаңғып жүр бір Қыздың...

  *          *           *

Сезімім гүлдеткей өңін,
Айналып жүрегім гүлге!
Өзімшіл, бірбеткей едім,
Өзгерді мінезім мүлде.

Көрем жыр тұнығын бірге,
Өзіңмен жаңа гүлдедім.
Енді ұқтым өмірімнің де,
Өзгеріп сала бергенін.

Жыр арнар түнге таңғы елес,
Өрнек сап гүлден мендегі.
Өмір де тым қатал емес,
Өзіңді көргеннен бері.

Жүрек сап таңғы әнін.
Гүлше
Жаныңды жырлай тыңдаймын.
Қасымда хабарың  жүрсе,
Ешқашан тоңбайтындаймын.