Тілеулесов Талғат

Тілеулесов Талғат


            1970 жылы 23 наурызда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылында дүниеге келген. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, сазгер. «Сағындым сені», «Жыр – Ғұмыр» кітаптарының авторы. «Бегім ана», «Жанқожа батыр» жырларын жазған. «Бегім ана» жыры Қазақстан Республикасы Мәдениет министірлігі Тіл комитетінің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Халық жыры» кітабына шықты. Өлеңдері Республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» және облыстық газеттерге жарияланып тұрады. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында сектор меңгерушісі болып қызмет жасайды.



Тілеулесов Т. Сағындым сені:  Өлеңдер // Ақтөбе: «А-Полиграфия», 2010.-128б.

Тілеулесов Т. Жыр –Ғұмыр: Айтыскер ақын Б.Тәңірбергенов туралы естеліктер / Құраст. Тілеулесов Т. – Ақтөбе, 2013.

Тілеулесов Т. Халық жыры: Жыр –дастандар жинағы //Астана, 2014.-198б.

Тілеулесов Т. Жанқожа батыр: Дастан // «Сыр бойы».- 11 қазан 2014

Тілеулесов Т. Өмір кезеңі: Өлеңдер // «Үш қоңыр» 20 қаңтар 2017.-№3.

Тілеулесов Т. Өлеңдер // «Толқын» 1 тамыз 2017.-4б.

Тілеулесов Т. Өлеңдер // «Ана тілі» 10 наурыз 2017

Тілеулесов Т. Өлеңдер // «Қазақ әдебиеті» 12 мамыр 2017.-15б.

Тілеулесов Т. «Қазіргі ақындар жап-жас боп, өмірден баз кешіп жүреді» // Сұхбаттасқан –Ыбырай Г. - «Керек info» 21 қыркүйек 2017

Қалиев Е: Қалжыңы жарасқан ақтөбеліктер // - «Керек info» 15 наурыз 2018



Ауылға барсам...

Ауылға барсам достарым
айтады маған өкпесін:
«Өткіздік елде босқа күн,
Сен болсаң ерте кеткенсің.

Қалада жүрсің әндетіп,
Кезесің таза көшені.
Ауылдан мынау сән кетіп,
Боқ басып жүрміз», – деседі.

Отырам үнсіз мұң кешіп,
Оралып сонау кезге мен.
Сағынышыммен тілдесіп,
Жеткізе алмай сөзбенен.

Куәсің маған, көк пен бел,
Балалық бақыт сыйлаған.
Қызықты думан өткен жер,
Сен жайлы ойлап қиналам.

Жан  сарайымды ашамын,
Ақтарып саған бүкпей сыр.
Мауқымды менің басатын
Бір жұтым ауаң жетпей тұр!


Қарлығаш
Жыл сайын біздің ауылға
Сонау бір алыс Меккеден,
Қарамай жауын, дауылға,
Жететін құстар көптеген.

Көліне кетсе қалғаны,
Қарлығаш үйге қонатын.
Балшықпен ұя салғаны
Қызықты маған болатын.

Әдетімменен бұрынғы
Болсын деп дәйім көмегім.
Ұстап ап үйден шыбынды,
Балапанына беремін.

Сабақтан үйге жеткенше,
Тамақ беруге асығам.
Ұядан ұшып кеткенше,
Осылай күнде тасығам.

Балалық досым болып ең,
Сәні боп ұшып көктемнің.
Қолыма талай қонып ең
Ыстық-ау кездер өткеннің.

Еске сап ауыл елесін,
Сағыныш барад
ы жаныштап..
Сен болсаң жылда келесің, -
Мен болсам барам алыстап.
..

Жыл құсым, менің аман жүр,
Мекенге туған келіп тұр.
Өсірген сені далаң бұл,
Көзіңмен өзің көріп тұр.

Жыл сайын мен де келемін,
Ұяңды көріп кетем деп.
Қарлығаш құсым сен едің,
Көңілде қалған мекендеп.



Сарғалдақ
Дариякөңіл тұр тасып,
Төңірек ғажап, бәрі нұр.
Көктеммен бірге қырды асып,
Теремін барып сары гүл.

Сырымды айтам жасырын,
Сарғалдақпенен тілдесіп.
Келер деп қашан ғашығым,
Отырам сосын мұң кешіп.

Өткізем ойлап түнімді,
Қуанып, кейде жабығып.
Батырам қайта күнімді,
Көрпесін түннің жамылып.

Беріліп сұлу сезімге,
Білемін кездер өткенін.
Сонау бір бала кезімде,
Осылай өткен көктемім.

Кетсе де заман өзгеріп,
Көңілім қырда әлі жүр.
Сары жейделі қыз көріп,
Есіме түсті сары гүл...