Шотаев Рахметжан

Шотаев Рахметжан

(1896-1964)
Ойыл ауданы Төсағаш ауылында дүниеге келген. 1909ж. Ойыл екі кластық, кейін Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітіріп, ағартушылық  іспен айналысты. 1917 ж. 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен қазақ-қырғыз сьезіне, кейін, 1918ж. Орал қ. Өткен Күнбатыс Алашорданың сьезіне қатысып, Халел және Жанша Досмұхамедовтермен, Мұхтар Әуезовпен кездесті.  Осы кездегі саяси қызметі үшін 1937 ж. жазаланып, 1938ж. ақталып шыққаннан кейін  өмірінің соңына дейін ағартушылық қызметпен айналысты, өлеңдері аудандық, облыстық және республикалық баспасөздерде жарияланған.
«Рахметжан шығармаларын замандастары сүйсіне тыңдап, тәрбие негізіне балайтын-ды. Оның ұлттық аңызбен жазған «Қызданайдың қырғыны», «Торы ат басы» деген поэмаларының орны ерекше. Қазақ әдебиетінің тарихын байытуға арналған үлкен үлес деп түсінемін.»
                                                                                         Табыл Құлыяс
                                                                   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Шотаев Р: Өмірбаян //Ақтөбе энциклопедиясы./Бас ред.Тажібаев М.-Ақтөбе: «Отандастар-Полиграфия» ЖШС, 2001.-723 б.
Шотаев Р: Өмір, өмір, өмір-ай. Өлеңдер, жырлар, толғаулар./ Құраст. Рахметжанұлы Қ. Құлыяс Т. Қуатов С.- Астана: Арай, 2006.-208 б.

Лашынға

Қан сонар көтер басың, лашыным,
Күні емес жататұғын тірі аңшының.
Қоянға түлкіменен салып сені
Қуатын көрейінші құлашыңның.
Айттырып, әзер алдым хан қызындай,
Отырмын бағып-қағып жалғыз ұлдай.
Аң құмар, асау жүрек, албырт жігіт
Көреді ит пен құсты жалғызындай.

Тоғайда домаланып қоян жатыр,
Көзіңді аш, манаурамай оян, батыр.
Зырқырап сары жебеден ұшқан оқтай
Асты тоң, үстікірбең, жері тақыр.

Аязда үсті мұздап, қан сарыған,
Ақ қоян үш сажынды бір қарыған.
Ойлама астамшылық оңай емес,
Жете алмай талай тазы құр қаңғыған.

Жоңайтта түлкі жатыр сор сағалап,
Ал десе қашайын деп жар жағалап.
Иттен де, адамнан да айласы артық,
Тал түсте кетуі оңай, сай паналап.

Шұбалып түлкі қашар бірден тауға,
Тұтқын боп түспейін деп қуған жауға.
Ешкімнің ештеңесін алмаса да
Өзінің тең көреді басын сауға.

Әкесін өлтіргендей тазы қуар,
Шабады есі кетіп аң құмарлар.
Түгіндей қырмызының қызыл жүнді,
Ет емес, тері жағы керек шығар.

Мейірімсіз аямайды, адам тағы
Аң десе қосылады ынтымағы.
Төгуге нақақ қанды жиренбейтін
Ит оның шабағаншыл жалпылдағы.
Мұғайым түлкі залым дейді осылай
Кім-кімді арлантпай ма сөз осындай.
Құмарым мейірім қанып тарқамай тұр,
Көлденең қашқан аңға бір қосылмай.
Ақ қоян қашса қашсын жұмарланып,
Тап кесе жүрген күнде құмарланып.
Тамағым саған берген борыш емес
Көтерсең таңдағынан бір-ақ шалып.