Жекей Бақи сұлу

Жекей Бақи сұлу

XIX  ғасырда ғұмыр кешкен. Ата-тегі –Әлім, оның ішінде Жекейі. Дәулетті жерден шыққан. Белгілі ақын болған. Кеңес үкіметі кезінде «үстем тап өкіліне» кіретін ақын қыздың мұрасы зерттеусіз қалған. Бақидың төмендегі айтысы оның ақындық деңгейін толық аңдатады.

Жекей Бақи сұлу: Бақидың Сарышолақпен айтысы //Асыл қазына: Жинақ /Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе, 2001.- 256 б.
Жекей Бақи сұлу: Өмірбаян. Бақи сұлу мен Сарышолақтың айтысы  //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар /  Құраст. Ж.Асанов. -«Шамшырақ-Ақтөбе»ЖШС, 2011.-249 б.
Сарышолақ пен Бақи сұлу // Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т.2. / Құраст. М.Жолдасбеков, Р.Әлмұханова. –Астана: Күлтегін,-2014.-102 б.

Бақидың Сарышолақпен айтысы
                        (үзінді)
Сарышолақ:
Қыздардың қызығына біз жараған,
Жақсы сөз желдей есіп тез тараған,
Сылқылдап бәрің кербез көрінесің,
О несі,  түртіншектеп жұрт қараған?
Бақи:
Ауылдың қонған жері тобылғылы,
Келесің ысылдатып сыбызғыны.
Аңдамай әлдеқалай қолдан тайған,
Сырғамды іздеп жүрмін күн ұзыны.
Сарышолақ:
Ауырды өлшейтұғын безбен еді,
Сырғаңыз күміс пе еді, жез бе еді?
Құдайым сәтін оңдап тұрғанында,
Бақ орнап жігіт қызға кез келеді.
Бақи:
Қаракер атың бар да, өзің сары-ай,
Келесің сыбызғылап жөнің қалай?
Өзіңді таныстырсайш сарнағанша,
Дегенше сөйлер сөздің бәрі солай.
                                    Сарышолақ:
Сұрасаң аты-жөнді, біздің жайды,
Сарышолақпын баласы Боранбайдың.
Саралап сөйлегенде өлеңдетіп,
Іші тар сіздей қыздар көре алмайды.
Бақи:
Қыз алған бетінен қайтпайды,
Жекейде толып жатыр нелер сахи,
Сұрасаң менің атым сұлу Бақи.
Жау іздеп жүретұғын Тілеу-Қабақ,
Шетінен найза ұстаған кілең ақый.
                               Сарышолақ:
                                   Керекте найза аламын жауға қарсы,
Домбырамен топқа түсем нелер шаршы.
Әніме  салғанымда «Тілеу-Қабақ»
Тыңдаған Кіші жүздің небір арысы.
Бақи:
Әніңді естіп жүрміз «Тілеу-Қабақ»
Көтібар өлді дейді Адай сабап.
Батыр болса, ел -жұртың қайда кеткен,
Қалмаған неге сонда арашалап?
Сарышолақ:
Бар ма еді біздің жақта өшің, кегің,
Қазымыр болар, бәлкім, түпкі тегің!
Мыстандай көпті көрген айтасың сөз,
Көтібар Маманды шапқанда ішінде бар ма едің?..