Өтеміс Индира

Өтеміс Индира

            1972 жылы Ойыл ауданының Жетікөл кеңшарында туған. 1989 жылы Қандыағаш қаласындағы №1  орта мектепті тәмамдап, 1989-1994 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік уиверситетінің  журналистика факультетінде оқыған. 1996 жылдан бері облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет істейді.


Өтеміс И: Өмірбаян мен өлеңдері //Жәдігер. Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-363 б.
Өтеміс И: Өмірбаян мен өлеңдері // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2005.-81 б.
Өтеміс И: Өлеңдер. Білезік.-2011.-№1.-32б.


                                                          *        *       *
Аппақ ниет, нәзік діріл, әні асыл,-
Тұла бойың тұнып тұрған жарасым.
Қарлығаштар, мен сендерді қимаймын,
Тастап кетіп барасың.
Жанарымда жатталардай жанарың,
Жақын ұшып, жылы ғана қарадың.
Қимасам да, амалым жоқ, артыңнан
Саулығыңды тілеп қана қаламын.
Тіршіліктің тылсымына тоя алмай,
Ұйқысынан бүгін ерте оянды Ай.
Әрлі-берлі сабылдырған сендерді,
Құдіреттің аты не екен, ой, Алла-ай?!
Қараңғыға сіңіп тынды қысқа күн,
Қанатым жоқ. Сендерге еріп ұшпадым.
Қанатым жоқ – көнемін мен күздерге,
Ұғамысың, ей, бейкүнә құстарым?
Уақыт қандай қатал еді?
Гүл сынып,
Жапырақтар демі үзілді түршігіп.
Дүниені астаң-кестең етеді
Сендерге жат тіршілік.
Сендерге өгей тірлік қиын жаныма,
Содан шығар ән салғаным сағына?
Сағыныштан алып-ұшып сендер де,
Жетерсіңдер туған жерге тағы да.
Жеңістерім, кейде жаза басқаным,
Салады алда қай сарынға аспаным?
Қайтер едім –
Жүрегімде келіп күз,
Тастап кетсе өлең –қарығаштарым?