Өмірбаяны


Қазақтың белгілі ақыны Сәбит Баймолдин – 1942 жылы 5 наурызда Байғанин ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1964 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетін, кейін Қазақ КСР Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Байғанин ауданының Байғанин орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директорлық қызметте болды. Бұдан соң Республикалық «Қазақстан Мұғалімі» газетінің батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі, Батыс Қазақстан темір жол басқармасының органы «Стальная магистраль – Болат жол» газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасының жауапты хатшысы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы болды.

 

Алғашқы өлеңдер жинағы «Жер-мекен» деген атпен 1966 жылы «Жазушы» баспасында жарық көрді. Одан кейін «Қырда туған» (1967), «Монолог» (1969), «Қызыл іңір» (1971), «Сағыныш» (1976), «Алтын гүл» (1978), «Сенемін саған» (1980), «Іңкәр күндер» (1982), «Армия семьясы» (1982), «Бесік жыры» (1985), «Тал кеме» (1988), т.б. өлең кітаптары жарық көрді. Тақырыбы жағынан сан алуан болып келетін С.Баймолдин өлеңдері авторлық өзіндік қолтаңбасына тән ырғақ, ұйқастармен ерекшеленеді. Ақын өз туындыларына замандастардың болмыс-бейнесі, тыныс-тіршілігі, моральдық және азаматтық бағыт-бағдары турасындағы ой-толғауларын арқау етті.

 

Сәбит Баймолдин 2000 жылы 9 желтоқсанда дүниеден озды.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kz
https://adebiportal.kz/kz/authors/view/1367