Ырзабаев Боранғали

Ырзабаев Боранғали

(1932-1995)
 Ақтөбе облысы, Темір ауданында туған. Алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол 1959 жылдан бастап журналистік қызметке ауысты. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеті редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. 1962-1965 жылдар аралығында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің  Тың өлкесі бойынша  меншікті тілшісі,  1967 жылдан бастап «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әуелі Павлодар облысындағы, одан кейін Орал облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен марапатталған.
Ырзабаев Б:      Өмірбаян // Қазақстан Жазушылары. Анықтамалық / Құраст.Қамшыгер С.Жұмашева Қ. – Алматы: Ан-Арыс 2009.-442 б.
Ырзабаев Б.Тұңғыш: Өлеңдер. 1963.
Ырзабаев Б. Қадірлі қалалар: Өлеңдер. 1968.
Ырзабаев Б.Ұшуға қанат керек: Өлеңдер. 1970.
Ырзабаев Б. Жер жүрегі соғады: Өлеңдер. 1977.
Ырзабаев Б. Жас дәурен: Өлеңдер.- Алматы «Жазушы» 1981.
Ырзабаев Б.Ертіс-Жайық арасы: Өлеңдер.- Алматы: «Қазақстан» 1981.
Ырзабаев Б. Бақ жұлдызым: Өлеңдер. 1982.
Ырзабаев Б. Егіндікөл жұлдызы: Өлеңдер.-Алматы: Қайнар, 1983.
Ырзабаев Б: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е. –Ақтөбе, 2006.-136 б. 

                                              Заңғарлар
Менің тегім
Скифтерден, Сақтардардан.
Найзатасым бұлттарға оқталған.
Белдерім бар қайыспаған қайғыға,
Шыңдарым бар
Шалқаюға шақ қалған.
Құздарым бар төңірекке қарауыл,
Құзартыма заман жүгі әлі ауыр.
«Елім-айдың»   зарынан жер қаңырап,
 Көз жасынан жаралыпты қара гүл.
Қара гүлдер әлде түнгі толғақ па,
Төсек болған едік манғол, қалмаққа.
Босағадан төрге оздырған босқынды
Көңілшек-ау, көнекөзім сармат та.
Жаудан емес бізден бұрын қан шығып,
Абылайдың ақ туындай шаншылып;
Қорамсаққа қол салмасақ қалар ма ек,
Екі таудың арасында жаншылып.
Елді бастау батылдық та, бұл-дарын.
Қазағымды қазақ еткен шыңдарым.
Солар айтып кеткен қызба қылышты
Сабасына түсіретін қын барын.
Қылыш –ашу деген, онда қын –ақыл.
Әттең, бірлік буынында сына  тұр.
Соғып қалма, дуан басы болсаң да.
Шалқайғанға шалқайсаң да, сына біл,
Сына біл де, Ұлтың үшін күйіп-піс,
Қырғи емес,
Қыран болып биікке ұш!
Тақтың емес,
Табиғаттың заңғары
болу үшін қиянатты қиып түс!

Темірім –елім
           
Армысың, ауыл,
Бармысың, бауыр,
Асу да, асу белеңім.
Жылдары дауыл,
Күн шеккен ауыр,
Сендерді іздеп келемін.
Темірім –елім,
Өмірім менің,
Жаралған жастық сезімнен.
Жанымның емі,
Сағындым сені,
Ботасын күткен боз інген.
Қызғалдақ қыздар,
Көңілі –құздар,
Сендер де ана болдыңдар.
Кез өтті сыздар,
Қанымыз мұздар,
Бар болсын соңғы толқындар,
Бой жетіп қайың,
Сыланған сайын,
Жүрегім толы дүрсілге.
Жанардың майын,
Тауысып, айым,
Жолыма қарап жүрсің бе?
Жазығым жұпар,
Ауамсың жұтар
Өзенім тентек өзімдей.
Болсам да ғайып,
Жұлдызға сайып,
Көргейсің, төрем, көзіңдей.
Кеудеме құлап,
Тұрғандай жылап,
Темірден шығып ескен жел.
Көңілім –көктем,
Ыстық ең неткен,
Кір жуып, кіндік кескен жер!