Піралина Гүлжанат

Піралина Гүлжанат


1982 жылы 7-қарашада Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына қарасты Байқадам (бұрынғы Сарыбұлақ) ауылында дүниеге келген. 1990-2000 жж. Қорғантұз ауылында білім алды.  2000-2004ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті филология факультетін үздік дипломмен тәмамдады. «Ұлағатты ұстаз- дарынды шәкіртке -2008» республикалық педагогикалық олимпиадасының ІІ-орын жүлдегері. «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда жоғары нәтижеге қол жеткізген үздік мұғалімдерге материалдық көтермелеу гранттарын тағайындау» облыстық конкурсының ІІІ-орын иегері .
«Менің Республикам Қазақстан» аудандық жас ақындар байқауының  І-орынын, белгілі сатирик, танымал журналист Әлімбай Ізбайдың құрметіне «Ақтөбе» газеті жариялаған шығармашылық бәйгесінің ІІІ-орынын иеленді.

Піралина Г.Өмірбаян мен өлеңдері // Шұғыла:Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012.-18б.
         
     Сарышолақ шайырға
Жасымай қайсар жігерің,
«Елім!» деп соқты жүрегің.
Айбат шеккен патшаға
Арыстан ұлдың бірі едің.
Жұртыңның тілеп тілегін,
Отарлаушыны мінедің.
Жарасын елдің жазбаққа,
Шарқ ұрдың іздеп бір емін.
Ойға сұңғыла тереңім,
Мырзағұлдай өр ерім!
Бұрқатып шындық дауылын,
Селдетті отты өлеңің.
Әр сөзің мірдің оғындай,
Қызуы оттың шоғындай.
Іштегі шер де лақ етті,
Мырзағұлдың жоғында-ай.
Өткен күнде ол өмірден
Аққуың ұшып көліңнен,
Аза тұтты бар алап,
Қара бұлт та жасын төгінген.
Қайысып содан қалмадың,
Күреске өмір арнадың.
«Сен арғымақ баласы,
Шабысыңнан танбадың».