Аманжол Шапағат

Аманжол Шапағат

            1992 жылы 20 маусымда Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Әйке селосында дүниеге келген. Қарғалы ауданы Қосестек орта мектебін бітірген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі.Өлеңдері «Балауса жырым- серігім», «Үркер» қолжазба журналы, «Жас қанат» сияқты студенттердің шығармалар жинағына енді.

Аманжол Ш. Қарғалы құшағындағы өлең... / Алматы, 2016.-85б.

        Қарғалы

Қарт Қарғалы!
Тоқсан беске тұрсың-ау аттанғалы.
Табиғатың тамаша толғандырып,
Бұлбұлдарың сайрайды бақтардағы.

Нар Қарғалым,
Қартайып қалғаныңды аңғармадым.
Шекараңнан ассам да дұға қылып,
Шүкіршілік айтамын таңдарға мың.

Төздің талай, сұм-соғыс сұрапылға,
Қартайыпты белдерің, қыратың да.
Кәрі төбе шөгеді жылдан –жылға,
Кәрі талдар дайын тұр бүр атуға.

Сәрке батыр сан мың рет қорғап өткен,
Сап түзеген сарбаздар жолда кеткен.
Жағалбайлы жайлаған жұмақ жерді,
О, Жаратқан, көз салып қолда көктен.

Қызылтамның мазары маңызы бар
Қос ғашыққа салынған –аңызы дәл.
Қарабұтақ мешіті Нұрпейістің,
Сафа ишан салдырған бағ(ы)зыда.

Күнің шығып тұрғанда шұғылалы,
Шал-кемпірің тұстайды құбыланы.
Жүзге жетсін дегендей тілек айтып,
Ұзақ болсын дегендей ғұмыры әлі.

Жыр Қарғалы,
Жер астында байлықтың тұнған бәрі,
Тоқсан бестен асқанда тосып жүрем,
Бір ғасырға жетердей күнді алдағы.

Мәрт Қарғалым!
Орындалар өзіңде тәтті арманым,
Атағыңды шығарар ат шаптырып,
Қаламгерлік мендегі жатқан дарын,
Мәрт Қарғалым!