Қожабекова Жұлдыз

Қожабекова Жұлдыз

            1986 жылы 30-қарашада Ақтөбе облысы Әйтеке би ауылында  дүниеге келген. Жас кезінен қаламы мен домбырасын қатар ұстап өскен ақын қыз айтыс сахнасы арқылы көрерменге кең танылды.  Облыстық, республикалық мүшәйралардың, ақындар айтыстарының бірнеше дүркін жүлдегері.
Қожабекова Ж: Өмірбаян мен өлеңдер // Темірқанат: Ақтөбе облысының жас суретшілері мен ақындары. -Ақтөбе: «Ақжар-АБК», -2005. -60 б.
Қожабекова Ж.Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла:Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012.-40 б.

           Аруана –дүние
 Аруана-дүние,
Алтыннан бе еді құрсағың?
Күмістен бе еді құндағың?
Көкірегіңдегі  көз аша алмайтын Тұмса мұң.
Құшағыңдағы құс болып ұшқан іңгәнің,
Дәруін іздеп жүр сағым...
Алданған қыздай адамнан безіп бүгінгі,
Алқымың жасқа шыланған.
Адалдығыңнан ада ғып қойған күніңді,
Көзіңді сатып іздейсің неге шығаннан?
Естімей сыбыр-күбірді...
Алдамшы арманға айқара ашып есігің?
Құлыптаулы ма, әлде күйікке?
Бейкүнә сәби тербетілетін бесігің
Бір үйін құм боп айналғаны ма, бейітке?
Ешкімге етпей кешірім...
Тұп-тұнық кәусар қайнарың қайда баяғы?
Тартылып бәрі қалды ма?
Бақуат тірлік бал-базарыңның баяны
Дарақылықпен боп кеткені ме даңғыра?
Жаныңа тықыр таяды...
Қаймана өмір қаймағын бұзып киенің,
Жасама жанға салғырттық,
Жап-жасыл бақ пен жағалауыңның жиегін,
Күн санап емсіз жайлап барады  мәңгүрттік.
Күнәңа мен де иемін...
Аруана-дүние...
Арқырап жетші мәреге,
Арғымақ аттай тартынба.
Адалдық үшін айнымай асар кәдеге,
Ұмытпа ешқашан адамзат барын артыңда,
Әділдік, теңдік және де...

Алтыннан бе еді құрсағың?
Күмістен бе еді құндағың?