Сәтімов Сырым

Сәтімов Сырым


             1992 жылы 8-қарашада Хромтау ауданы Киров (қазіргі Оңғар) ауылында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті тарих-филология факультетін тәмамдаған.
           
Сәтімов С: Өмірбаян мен өлеңдер // Шұғыла: Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012.-77 б.

                 Ана

Ана, сенің әжім толы жүзіңнен,
Көріп келем махаббаттың жылуын,
Рахым нұрын сездіресің көзіңмен,
Парыз сені бақытты енді қылуым.

Ана, сені ренжіткен ем талай мың,
Жете алмай кейбір істің парқына.
Алыс кетсем елең етіп қараймын,
Сен шақырып тұрғандай боп артыма.

Саған деген сағыныштың сәні жыр,
Армандарым қол бұлғап тұр алда әні.
Бала күннен таңдайымда әлі жүр,
Ана,  сенің ақ сүтіңнің бал дәмі.

Тынығуды білмей жүріп күні-түн,
Бола білдің балаң үшін төзімді.
Сығырайып кеткен кезде үмітім,
Еске аламын сенің жылы сөзіңді.

Сол сөзден  соң тиылады дұғай мұң,
Зор бақытым келер алдан кешігіп.
Биіктерге өрмелеймін, шыдаймын,
Саусақтарым мүжілсе де кесіліп.

Алыс кетіп барам дағы сенен мен,
Қолды бұлғап қалдың артта балаңа.
Асқар шыңды бағындырып келем мен,
Құшақ жайып, мені күтіп ал, Ана!