Елеусізова Жанна

Елеусізова Жанна

1970 жылы 22 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Аудандық «Шалқар» газетінде тілші болып жұмыс жасады. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған мүшәйраның жүлдегері.

Елеусізова Ж. Мен сүйетін дүние: Өлеңдер жинағы // Ақтөбе: «NOBEL» 2004-193 б.
Елеусізова Ж: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-359 б.
Елеусізова Ж: Өмірбаян мен өлеңдері // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. - Ақтөбе, 2005.-75 б. 
Елеусізова Ж. «Түбінде әдебиет біздерді іздейтін болады». Ақын Ж.Елеусізовамен  сұхбат // Ақтөбе, 2007. - 3 мамыр. -7б.
Елеусізова Ж. Өлеңдер // Білезік.- 2011.-№1. -32 б.


    *       *       *  
Дала,
саған құштарлығым-бұрыннан.
Дәміңдей ме –
көрші үйдің кеусені.
Шүңірек көз, сары кемпір, мұрны нән:
«Күннен басың көрінбейді...» деуші еді.
Сапарлаған етіктей
Үрімші –
сені кезіп... киік болды бала ойым.
Жарқамыс боп білер еді бірінші
Жер бетінде жарық көрсе жаңа ойын.
Балалығыңды десе ғой, ал бүтін –
уақыт қыр көрсетеді ағамдай...
Сараң шалдың бергеніндей сарқытын –
сәттеріме шарқ ұрамын қана алмай!..
Айқасындай жорығымның ақырғы,
алқымыма құйылған шақ –теңіз кеп!
Құм сағыздай созыңқырап атымды,
апам... сонда жетуші еді мені іздеп...
«Өспейді екен ұл түгілі, оңай қыз!..»
Өзегімді өртейтіні осы ән...
Өкінішім өзімді алдап, өңі айғыз
«ойнамастай –болып тұрам –осыдан!..»
Табам қайдан
Апамдай Адалды –
Тоныңды да алатұғын жібітіп?..
Тағы сүйе бастаймын ғаламды –
Кешегінің бәрін кейде ұмытып...
Өтіпті Өмір.
Өзгеріпті түрім де.
Тырналардай түзуледі тізбек жыл.
Ақындардың арасынан бүгінде,
Апам мені баяғыдай іздеп жүр...
Тілеп іштей күдерін бір үзбеуін –
Оңды ертек шығарамын ойдан көп.
Апам мені қоймасындай іздеуін,
Мен де сені сүйюімді қойғам жоқ...

      
              *         *         *

Түзу көше,
Түзу жол.
Ниет, пейіл...түп –түзу.
(Тәтті жақпас тәніме,
Таңдайыма жаққыз у).
Әбігермін әлі де
Әлегіме айналды –
Өзі әулие әлемге
әуремді осы ұққызу...

Түзу біткен.
(Таң қалма!)
Көшенің де терегі.
Тамырынан қисайса –
Оның да жоқ керегі.
Қыңыр өссе бұтағы –
қол шешеді тағдырын.
(Тамызықтық –Өмір ме?!)
Өртенеді, өледі.

«Талмас талап, қажымас
қайратымды сарқып па ем!»
қара тастың (сүймеп ем...)
қаланғанын тәртіппен –
мен дегенге мен де осы...
көрсетпейтін боп алдым.
Мезгіл,
мекен демейтін мінезімді
артық, кем!..

«Түзу кету, - түзу кеп» 
Түсініктің жайлысы.
(Азуы арман арланның
кім түсінген қайғысын!...)
Құр-р-меттілер...(қалаулы Ең!)
Қолпаштаулар, құптаулар...
«Махаббатта»,
«достықта» - ыңғайлысы, сайлысы!...

Қисықтығым –көзтүрткі
(көргенім жоқ ырымдап...)
Бұрынғылар білген ғой...
Баяғыда, бұрында-ақ...
Ел білетін сөз айту –
Еркіндік деп жүрген кім?
(қаба алмайтын иттердің
қоятыны ырылдап...)

Барым, жоғым белгісіз –
ұнамадым ұлыққа.
Күнім жақсы
күйкіден (мөңіреген тұлыпқа!...)
қоғам дейтін құрдым ғой...
(қауғам қалды түбінде!)
Қалам алсаң қолыңа –
Жолың осы...
ұмытпа!