Кәлкенбаев Зәкіржан

Кәлкенбаев Зәкіржан  

            1956 жылы  Ырғыз ауданы Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Қалыбай ауылында шопан болып бастаған  Зәкіржан  Алматыда  өткен жас өнер иелерінің «Жігер» фестиваліне қатысып, жақсы жырлары үшін лауреат атанған еді. Одан бергі жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетін  сырттай оқып бітірді. Аудандық «Ырғыз» газеті редакциясында әлеуметтік мәселелер бөлімінің меңгерушісі, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім, республикалық «Алтын орда» газетінде тілші қызметтерін атқарды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Бір топ өлеңдері  «Жалын» баспасынан шыққан  «Тоғыз перне» жыр жинағына енді.

Кәлкенбаев З: Өмірбаян // Ырғыз энциклопедиясы /Бас ред. Әттиев М.- Алматы: «Дала» ЖШС, 2010.-196 б.
Кәлкенбаев З. Қоңыр кеш. Өлеңдер. – 2006.
Кәлкенбаев З: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.-Ақтөбе, 2006-331 б.
Кәлкенбаев З. Ақтауда. Түнгі ой. /Поэзия./ Ақтөбе газеті,1998.-10 ақпан.
Кәлкенбаев З. Жүректегі жаралар жазылады...: Өлеңдер / Ақтөбе.-2013.- 23б.-23 мамыр.

                                                            Музыкаң бар...
Бірде баяу қалықтап, бірде нөсер селдеген,
Кеудең толы музыка, құдіретсің сен деген.
Саған деген ғашықтық дертіне мен шалдықсам,
Жыр тудырып жүректен өзіңе кеп емделем.

Сірә, жаман болмайды музыкасы бар адам,
Тал бойыңнан жып-жылы шұғылаң бар тараған,
Саған деген ғашықтық дертіне мен шалдықсам,
Жыр тудырып жүректен тек өзіңе қаралам.

Таба алмассың дауасын шалдықтырған дертіңнің,
Онда өзің дұға оқып иманымды келтіргін.
Үнсіз балқып өзіңнің шұғылаңа мен байғұс
Құрбаны боп кетейін әу бастағы сертімнің...

                         Ауырғанда

Күнім қайда –
Өлеңім – арманым дер.
Ауырдым-ау, мұң болды қарға адым жер.
Жерім жоқ-ты Алладан аулақтаған,
Жазығым жоқ адамға қарғады дер.

Өзімді-өзім жеңе алмай жүргенімде,
Шоқиып қалмақпын ба күлде мүлде?
Тыным таппай бірдеңе тындырар ма ем,
Бұлай болып шығарын білгенімде.

Дертті жеңіп шығу да қиын деген,
(Жасыра ма бұл өмір сыйын менен?)
Талайлардың тағдыры көзге елестеп,
Солқылдайды тынымсыз миым, денем.
Қашықтар ма думан мен жиын менен?

Жалғаннан жатар талай адам көшіп,
Қырыққа келмей жатып қалам ба өшіп?
Төсекке таңылам ба шынымен деп
Жаныммен, жүрегіммен қалам шошып.

Жазылмай жатыр жырлар құрсағымда,
Қол бұлғап алыста анау тұр сағымдар.
Ертең барып қайтсам ба ауыл жаққа.
Құлағыма күбірлер құм шағылдар,
Жетем әлі, сәл сабыр қылсаңыздар.

Кетем жүріп, сөз бе екен сырқат деген,
От алуға өзіме мұрсат берем.
Шыт-шыт болып баратқан тірлігімді,
Шырылдаған жырыммен құрсап көрем.