Жаскілең Бекбергенұлы

Жаскілең Бекбергенұлы

XIX  ғасырдың екінші жартысында Ақтөбе даласында дәурендеген ақын. Өз заманының белгілі айтқыштарымен бірге жүріп, өнерін елге дәріптеген. Атағы айтыспен шыққан. Есімі елге сөзімен танылған тұстастарының бірталайымен сөз таластырған. Қолға түскен мұралары мардымсыз. Ол Үкі жыраудан бастау алатын Әлім руының әйгілі жыршылық дәстүрінің белді мүшесі.
Бекбергенұлы Ж: Шығармалары //Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов. -Ақтөбе,-2001.-159 б.
Бекбергенұлы Ж: Өмірбаян. Жаскілең мен Қалнияздың айтысы // Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов. –Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-54 б.
Мұрат пен Жаскелең // Қазақ өнерінің антологиясы: Айтыс. 25 томдық. Т.І. / Құраст. М.Жолдасбеков, Р.Әлмұханова. –Астана: Күлтегін-2014.-296 б.
Әзи Е: Жаскілең жайлы не білеміз? // Ақтөбе.- 2011.- 10 наурыз.


Мұрат Мөңкеұлымен сөз қағыстыруы
Жаскілең:
Алаш та алаш болғалы
Алаша атқа мінгелі
Ала шұбар ту байлап,
Алашқа біреу  ұран бергелі
Әлім еді ағасы
Шолпан еді анасы.
Жаз жайлауым сұрасаң,
Ойыл да, Қиыл Батпақты,
Терісаққан, Қобда саласы.
Күз күзеуім сұрасаң
Қайнар менен ұзын Жем,
Сағыздың сары даласы.
Қыс қыстауым сұрасаң
Атыраудың жағасы.
Өзімнің атым  Жаскелең,
Кетеде Бекберген жырау баласы.
Он жасымнан асқалы
Осы жасқа келгелі
Екі жақты бір тілді
Қазақтың жоқ-ты таласы.
Жарлық айдап келді ме?
Жылқыға кедей ел ме едің
Қаңғырған байұлының баласы...
Мұрат:
Жер тимеген Кетеге
Байұлы бөліп тастаған
Тәмам сордың арасы
Кете деген еліңіз –
Әлім де емес, бай да емес,
Асыранды қара қарын баласы.
Асыранды болған соң,
Қой бақтырған мен едім
Қойымды баққан сен едің,
Үш қошқардың баласы
Қоңыр қошқар мен сойып
Майлы таяқ қолға ұстап
Майлыбай деп шақырып
Ұран берген мен едім.
Отыз ешкі, қотыр нар
Енші берген мен едім
Ол еншіге өкпелеп
Кетем деген сен едің
Кетсең кет деген мен едім,
Кетем деген тіліңнен
Кете атанған ел едің...

                                                Жекей Бақи сұлу
XIX  ғасырда ғұмыр кешкен. Ата-тегі –Әлім, оның ішінде Жекейі. Дәулетті жерден шыққан. Белгілі ақын болған. Кеңес үкіметі кезінде «үстем тап өкіліне» кіретін ақын қыздың мұрасы зерттеусіз қалған. Бақидың төмендегі айтысы оның ақындық деңгейін толық аңдатады.

Жекей Бақи сұлу: Бақидың Сарышолақпен айтысы //Асыл қазына: Жинақ /Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе, 2001.- 256 б.
Жекей Бақи сұлу: Өмірбаян. Бақи сұлу мен Сарышолақтың айтысы  //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар /  Құраст. Ж.Асанов. -«Шамшырақ-Ақтөбе»ЖШС, 2011.-249 б.
Сарышолақ пен Бақи сұлу // Қазақ өнерінің антологиясы. 25 томдық. Айтыс. Т.2. / Құраст. М.Жолдасбеков, Р.Әлмұханова. –Астана: Күлтегін,-2014.-102 б.

Бақидың Сарышолақпен айтысы
                        (үзінді)
Сарышолақ:
Қыздардың қызығына біз жараған,
Жақсы сөз желдей есіп тез тараған,
Сылқылдап бәрің кербез көрінесің,
О несі,  түртіншектеп жұрт қараған?
Бақи:
Ауылдың қонған жері тобылғылы,
Келесің ысылдатып сыбызғыны.
Аңдамай әлдеқалай қолдан тайған,
Сырғамды іздеп жүрмін күн ұзыны.
Сарышолақ:
Ауырды өлшейтұғын безбен еді,
Сырғаңыз күміс пе еді, жез бе еді?
Құдайым сәтін оңдап тұрғанында,
Бақ орнап жігіт қызға кез келеді.
Бақи:
Қаракер атың бар да, өзің сары-ай,
Келесің сыбызғылап жөнің қалай?
Өзіңді таныстырсайш сарнағанша,
Дегенше сөйлер сөздің бәрі солай.
                                    Сарышолақ:
Сұрасаң аты-жөнді, біздің жайды,
Сарышолақпын баласы Боранбайдың.
Саралап сөйлегенде өлеңдетіп,
Іші тар сіздей қыздар көре алмайды.
Бақи:
Қыз алған бетінен қайтпайды,
Жекейде толып жатыр нелер сахи,
Сұрасаң менің атым сұлу Бақи.
Жау іздеп жүретұғын Тілеу-Қабақ,
Шетінен найза ұстаған кілең ақый.
                               Сарышолақ:
                                   Керекте найза аламын жауға қарсы,
Домбырамен топқа түсем нелер шаршы.
Әніме  салғанымда «Тілеу-Қабақ»
Тыңдаған Кіші жүздің небір арысы.
Бақи:
Әніңді естіп жүрміз «Тілеу-Қабақ»
Көтібар өлді дейді Адай сабап.
Батыр болса, ел -жұртың қайда кеткен,
Қалмаған неге сонда арашалап?
Сарышолақ:
Бар ма еді біздің жақта өшің, кегің,
Қазымыр болар, бәлкім, түпкі тегің!
Мыстандай көпті көрген айтасың сөз,
Көтібар Маманды шапқанда ішінде бар ма едің?..