Дәрібай Сәтжан

Дәрібай Сәтжан

1973  жылы Шалқар ауданы Жылтыр ауылында туған. 1991-1996 жылдар аралығында Түркия Республикасы Стамбул қаласындағы Мармара Университеті журналистика факультетінде оқыды. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып жүр. 1996-2003 жылдар арасында «Zаmаn-Қазақстан», «Алтын Орда» газеттерінде әр түрлі қызметтер атқарды. Қазіргі уақытта  облыстық «Ақтөбе»   газетінің жауапты хатшысы.

Дәрібай С. Фәни мен Бақи: Өлеңдер. - Алматы: Жазушы, 2009-80б.
Дәрібай С. Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер. Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-367 б.
Дәрібай С. Өмірбаян мен өлеңдері // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. - Ақтөбе, 2005.-91б.

                                           Маңдай   
Қамшы сабы –өміріңнің өлшемі,
Қандай қысқа, қойған екен жарытпай...
Қуанар сәт –ғұмырдың бір бөлшегі,
Арқалар мұң табыттай.

Ертең-жұмбақ,
Оралмайды кешегі,
Жүрер жолын пенде өзі таңдай ма?!
Барлық тағдыр жазылыпты деседі,
Жарты қарыс маңдайға.

Қайдан келдім?
Барар жерім ол анық,
Жауап таппай сенделеді санам аш.
Екі құлаш шүберекке оранып,
Аттанармын қара жерге жалаңаш.

Бары –осы,
Бұл - өмірдің  шындығы,
Ұзақтығы –қас пен көздің арасы.
Қараңғы көр ашылмайтын түндігі
Қуып келе жатыр бізді, қарашы.

Атақ, даңқ –аз қызыққа алданып,
Болып жүрміз күнде қызыл кеңірдек.
Билік құрған дүниеге малданып,
Хан –патша да хақ өлімнен жеңілмек.

Қамшы сабы – бір ғұмырды құрайды,
Жаратқанның жазған жасын аз деме.
Ібіліске сатылған жан жылайды,
Шаттанады тиген маңдай сәждеге.

Фәни бітер,
Бақи болар –тұрағым,
Келген жерге қайта барар шыбын жан.
Кешірімді, Аллам, сенен сұрадым,
Мейірімді аямашы құлыңнан!

Өкінгеннен еш пайда жоқ өткесін,
Сендім анық: тек Алланың құлымын.
Ібілістің жетегінде кетпесін,
Жарты қарыс жерге сыйған ғұмырым. 


Жалғыздық
Жалғыздықты қабылдамас санаңыз...
Пенделерге жалғыз болу – қасірет.
Құлың үшін тас Құдайлар – бәрі аңыз!
Сені сүю –қасиет!

Жаратқан –хақ,
Одан басқа тәңір жоқ!
Пайғамбарым –ең ақырғы елшісі.
Жалғыздыққа шыдар менің хәлім жоқ,
Ол –Алланың еншісі.

Тұлғаң дара туылмаған, тумаған,
Құдіретің –қорқынышты ес алар,
Ұлылығың –талай ақын жырлаған...
Мейірімің –бар күнәні кеше алар.

Орындайтын адамзаттың арманын,
Өзің ғана
Билеушісі ғаламның.
Ал, жалғыздық –Ұлылығы Алланың,
Қасіреті адамның...