Жұмағұлов Сақтаған

Жұмағұлов Сақтаған

(1941-1996)
Қарабұтақ селосында дүниеге келген. Еңбек жолын Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінен бастап, Қарабұтақ, Темір аудандық баспаханаларының директоры, Ақтөбе облыстық радиотеледидар редакциясының редакторы болып қызмет істеді.
Жұмағұлов С. Шарықта, шағалам: Өлеңдер жинағы.
 Жұмағұлов С. Жырлайды жүрек: Өлеңдер жинағы.
Жұмағұлов С: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер:Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе.- 2006.-295 б.  

                                             Дала сыры
Бұл далаға талай ғасыр түнеген,
Қасіреттің қара түнін жамылып.
Бұл далада талай асыл түнерген,
Армандарын атпен қуып сабылып.
Бұл далада керуен өткен пүлішпен,
Бек жақсылар ең жақсыға оранып.
Баскесерлер жол торыған қылышпен,
Қастарына шағын-шағын қол алып.
Бұл далада талай сұлу аһ ұрған,
Қыр гүліне көз жасымен қоштасып.
Тағдырымен арыстандай ақырған,
Өткен бабам өмір бойы қылыштасып.
Бұл даланы кезіп өткен тынбастан,
Ас пен киім, бақыт іздеп жоқшылар.
Бұл даланың жаралғалы ту бастан,
Көрмегені сірә мүлде жоқ шығар.
Бұл далада жеткен бар ма мұратқа,
Жоқ тарихта өткендерді топшылар.
Бұл даланың бірақ әлі алдында,
Көргенінен көрмегені көп шығар.

                    Ағалар
Дей алмаймын бойым таза күнәдан,
Тәулігіне тілдеседі мың адам.
Тірлігінде нені сірә көрмейді,
Не демейді бір-біріне тірі адам.

Егеседі дүз шайысып тірлікте,
Біле тұра күш тұрғанын бірлікте.
Содан келе айтқанынан қайтпайды,
Кім біліпті, бұл өзінше ірілік пе.

Ойхой, шіркін, татулыққа не жетсін,
Білем, білем бәрің де өр, өжетсің.
Бар жақсылық орын алып өмірден.
Тек Достықты Адамдық, Ар күзетсін!