Шандин Ерболат

Шандин Ерболат

1991 жылы 24-маусымда Байғанин ауданында дүниеге келген.1997-2008 ж.ж. Тобық Жармағанбетов  атындағы орта мектептен білім алған. Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің түлегі.
2009 жылы М.Мақатаев оқуларының бас жүлдегері, «Мен-патриотпын» атты ақындар айтысының ІІІ-орын иегері.
Шандин Е.Өмірбаян мен өлеңдері //Шұғыла: Жас ақындар жинағы. -Ақтөбе, 2012.-73б.

    Ауылда өткен бір түнім
Ұясына күн де батты нұрлана,
Жұлдыздарға мен қараймын ұрлана.
Ауылымның шырт ұйқыда барлығы,
Бұл ауылда ұйықтамаған мен ғана.
Сұлулыққа бөленгендей ен дала,
Сырымды айттым жұлдызға да, айға да.
Бар табиғат кеткендей-ақ нұрланып,
Бұл ортаға жетіспейтін сен ғана.
Сондықтан да көңілімде қаяу, мұң,
өзіңді ойлап жатырмын мен аяулым!
Әр түн сайын өзің жайлы сыр шертіп,
өзің жайлы жыр жазам деп ояндым.
Сезімге мен бой бердім бе бір түрлі,
Неге сонша мына жүрек іркілді?
Өзен жақтан естілсе су сыңғыры,
Естігендей болам сенің күлкіңді...