Баймолдин Сәбит

Баймолдин Сәбит

(1942-2000)
            1942  жылы 5 наурызда Байғанин ауданының Қарабұлақ ауылында  туған. 1964 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң, өз ауылындағы мектептің мұғалімі, директоры, республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің  Батыс Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілшісі, «Стальная магистраль» газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасының жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының  М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкері, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, қызметтерін атқарған.  М.Әуезов атындағы  әдебиет және өнер институтының  аспирантурасын бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

                     «Сәбит Баймолдин –өжет  ойлы ақын».
                                                                                Фариза Оңғарсынова

Баймолдин С: Өмірбаян // Қазақстан Жазушылары анықтамалық / Құраст. Қамшыгер С. Жұмашева Қ.- Алматы:Ан-арыс, 2009.-81б.
Баймолдин С. Өмірбаян // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.-111б.
Баймолдин С. Жер-мекен: Тұңғыш кітап.-Алматы: Жазушы, 1966.
Баймолдин С. Қырда туған: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1967.-68 б.
Баймолдин С. Монолог: Дастандар. -Алматы: Жазушы, 1969.-56 б.
Баймолдин С. Қызыл іңір: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы,  1971.-56 б.
Баймолдин С. Сағыныш:  Өлеңдер.-Алматы: Жазушы,1976.-160 б.
Баймолдин С. Алтын гүл./ Өлеңдер, дастандар.-Алматы: Жалын, 1978.-160 б.
Баймолдин С.   Сенемін саған: Өлеңдер мен поэма.-Алматы: Жазушы,1980.-156 б.
Баймолдин С. Іңкәр күндер: Өлеңдер.-Алматы: Жалын, 1982.-96 б.
Баймолин С. Армия семьясы:Өлеңдер. -Алматы: Жазушы,1982.-112 б.
Баймолдин С.  Бесік жыры: Өлеңдер жинағы. -Алматы: Жазушы, 1985.-155 б.
Баймолдин С. Тал кеме: Өлеңдер жинағы.-Алматы: Жазушы,1988.-197 б.
Баймолдин С. Өмірі мен шығармалары // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.-Ақтөбе,     2006.-202 б.
Баймолдин С. Мәңгілік көктемді аңсау //Ақтөбе.-1992.8 сәуір.-8-9 бет.

       *              *              *
Мен қайдан алды десе сөз ағынын,
Бар менің өз асқарым, өз алыбым.
Мұхиттарға шығатын кемелердей,
Өз атым бар, Ақтөбе қазағымын!

Туған төбе! Жоқ саған кеудемде арыз,
Бар менде саған қарыз, елге қарыз,
Көк тамырым да басқа емес!Елек-Қобда,
Ырғыз бен Ор, Ойыл-Қиыл,Жем мен Сағыз.

Солардың буы ұшып ұласқанда,
Аймаласады қазақы бір аспанда.
Қазақтың гүлі болып аталады,
Ақтөбенің гүлі де бүр ашқанда.

Ойға шомса, ой-тереңге бата бала,
Өз жотасы тәрізді жота-дала.
Ақтөбе дегеніңіз – ояулар мен,
Әр  төбеде ұйықтап жатқан ата-баба.

Ойында – жаңа теңіз, қырында – кен,
Жүгіреді, жүгірген бұрын да жел.
Бұл жерде жыр жазамын отырып ап,
Нұрпейіс сақалының ығында мен.



                                                    Нөсер
Су аяғы бұлт теңдеп,
Дайын жатыр дамылдап.
Жел үрікті селтеңдеп,
Аспан тиіп ауырлап.
Шұбатылған шудасы
Қара нарлар қаптады.
Түсіп қалған бұйдасы,
Буыршындар саптағы.
Жаз базарын сағынып,
Қатар желіп келеді.
Тұяқтары шағылып,
Жарқ ете қап сөнеді.
Желіп келіп желдеумен
Ыңыранып аунайды.
Тап осыған тең деуден,
Көк құшағы аумайды.
Бұлт айдаған қамшының,
Бұқтырады шартылы.
Зәресі жоқ тамшының,
Тие-тие шарпуы.
Бақалары бақылдап,
Бұтақтарға жал шығып.
Көк сойқанды мақұлдап,
Жер жымиды малшынып.
Аман қалған бұлтымен,
Аспан тұрды есінеп.
Шыға келді жұлқынып,
Ақ жирен жел кісінеп.