Шаңғытбаев Қуандық

Шаңғытбаев Қуандық

(1925 -2001)
21 наурызда Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. 1943 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1944-1955 ж.ж. Ақтөбе педагогикалық институтында  кафедра меңгерушісі, облыстық «Социлистік жол», «Актюбинская правда»  газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1955-1973 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ радиосында бас редактор қызметтерін атқарған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы. Қ.Байсейітовпен бірге  «Беу, қыздар-ай» (1960), «Ой, жігіттер-ай» (1967), «Құтырғаннан құтылған» пьесаларын(1960), «Алтын таулар», «Айсұлу» (1963) операларының либреттосын жазды.
А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын (1949,1986), М.Ю.Лермонтов, И.В.Гете, Р.Бернс лирикаларын, М.Горькийдің  «Қыз бен ажал» поэмасын (1941) қазақ тіліне аударды. Аудармашылық қызметі үшін Халықаралық Пушкин сыйлығына ие болды. Қазақстанның Халық жазушысы.

Шаңғытбаев Қ: Өмірбаян // Қазақстан  Жазушылары анықтамалық / Құраст.ҚамшыгерС. Жұмашева Қ. -Алматы: Ан-арыс, 2009,-423 б.
Шаңғытбаев Қ. Ар: Өлеңдер.1945.
Шаңғытбаев Қ.Өлеңдер. 1965.
Шаңғытбаев Қ.. Аққу әні: Лирика.-Алматы: Жалын, 1968.-140 б.
Шаңғытбаев Қ. Стихи. 1970.
Шаңғытбаев Қ. Арма, республикам!: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы,-1974.-92 б.
Шаңғытбаев Қ. Лирика. Таңдамалы.-Алматы: Жазушы,1976.-212 б.
Шаңғытбаев Қ. Жыр жаһаны: Аудармалар.-Алматы: Жазушы, 1980.-336 б.
Шаңғытбаев Қ. Гүлтолқын. 1982.
Шаңғытбаев Қ. Саршатамыз: Өлеңдер.-Алматы: Жалын, 1982.-120 б.
Шаңғытбаев Қ. Жыл құсы: Таңдамалы.- 1987.
Шаңғытбаев. Қ. Махаббат пен ғадауат: Өлеңдер.-Алматы: Жеті жарғы, 1995.-144 б.
Қуандық Шаңғытбаев: Өлеңдер // Ақтөбе кітапханасы сериясы 20 томдық. Т.8.-Ақтөбе: Шамшырақ-Ақтөбе ЖШС, 2011.-472 б.
Шаңғытбаев Қ. Шайыр: Таңдамалы. 5 томдық.Т.1. / Құраст. Шаңғытбаева Г. -Алматы: «Са Га» , 2010.-400 б.
Шаңғытбаев Қ. Шайыр: Драматургия мен музыка саласындағы таңдамалы туындылары. 5 томдық.Т.2. / Құраст. Шаңғытбаева Г. -Алматы: «Са Га», 2013.-400б.
Шаңғытбаев Қ. Шайыр: 1974 жылдан кейін шыққан кітаптардан  таңдамалы туындылары. 5 томдық. Т.3. / Құраст. Шаңғытбаева Г. -Алматы: «Са Га», 2013.-400 б.
Шаңғытбаев Қ. Шайыр: Аудармалар. 5 томдық. Т.4. / Құраст. Шаңғытбаева Г. -Алматы: «Са Га» , 2013.-400 б.
Шаңғытбаев Қ: Өмірбаян мен өлеңдері / Екімыңжылдық дала жыры. Өлеңдер жинағы / Бас редактор Ә.Нысанбаев.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2000.-438 б.
Шаңғытбаев Қ: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-118 б.
Шаңғытбаев Қ: Өмірбаян мен өлеңдері // Жиырмасыншы ғасыр жырлайды: Қазақ поэзиясының антологиясы 2 томдық.Т.1. / Құраст. Абдрахманов С. -Алматы: Раритет, 2007.-9 б.-«Алтын қор»  кітапханасы.
Шаңғытбаев Қ: Өлеңдер  // Өлең өлкесі: Қазақ табиғат лирикасының антологиясы / Құраст. Ж.Әскербекқызы.-Алматы: Жазушы, 2009.-318 б.

Шаңғытбаев Қ: Өлеңдер //Ақтөбе.-2000.- 13 сәуір  .
                     Сырласу

                                     Тахауи Ахтановқа

Есіңде ме, Қарабұтақ, Тахауи,
Ең шеттегі Есмалайға тақау үй.
Бөлмесіне сәби арман сыймайтын
Сабан менен лайдан соққан жатақ үй?

Есіңде ме мелде көже, көмештер,
Түнгі түпсіз кеңестер мен егестер,
Қияңдар мен қиялдарға шақырып,
Атой берген қиял жетпес елестер?

Есіңде ме айлы түндер ақ тымық,
Ең алғашқы қатпар үміт, қат күдік,
Қысылғаннан қыз алдында ұят-ай,
Иман сөздер айта алмаған аптығып!

Сені қайдам, мен шүкірмін хұдаға,
Біз өсіппіз болмай бұла, құла да.
Жетімдікті елетпеген жегжаттар
Екеуміздің есімізден шыға ма?

Содан кейін алыс ару Алматы...
Таңсық еді-ау әр адамы, әр заты.
Айлағымыз болды ақыры сол қала,
Ақ телегей бұл өмірде қаңбақы.
Елемедік: мол ма дүние, тапшы ма,
Өзіміз ек пайғамбар да, бақсы да.
Әбу, Қасым ауызынан бөліп жеп,
Үйрендік  қой ілтифатты жақсыға.

Киім болмай лекцияға баратын,
Болатын-ды күнім кейде қара түн.
Есіңде ме, ботинкаға мен үшін
Кеткен еді-ау сенің ілкі жалақың.

Күндер келді болған бізге жыр азық:
Сала берді көрер көзге пұл азып.
Кенет бірақ сен майданға аттандың,
Қала бердім мен бұл жақта құлазып.

Күзгі кірбең бұлыңғырда сен кеттің,
Көкпен қоса көз жасты мен селдеттім
Оқ пен оттың ішіндегі егізім –
Сені ойлаумен өтті талай сергек түн.

Жаңғырығы жоғалып сол түндерде,
Бітті соғыс, тынды тасыр күндер де.
Қайттың аман, ауыл-елді қуантып,
Мәңгі бақи ұйықтап қалмай бір жерде.

Сосын жастық майданында қызды ойнақ,
Аһыладық, үһіледік қызды ойлап.
Қатын деген басталғанда бір пәле
Бір-ақ шықтық Ақтөбеден біз бейбақ.

Мен – қазаққа, сен үйлендің татарға,
Гүлшара ғой қосқан сені қатарға.
«Біссіміллә!» - де, күпір болмай бауырым,
Ол әкелген астың дәмін татарда.

Сол Тахашым, келдің сен де елуге,
Далмын, білмей сенбеуге де сенуге.
Кейитін ең ақ кіргенге шашыңа,
Сол ақ шаштың өзі айналды-ау кемуге.

Қартайдым деп қабақ түйме қападан,
Қартайсын деп туған баста ата-анаң.
Шаш сиресе, садағасы басыңның,
Мен үшін сен жассың әлі ботадан.

Ақ алмасым сомдап соққан асылдан,
Құштар ең ғой келешекке жасыңнан,
Болды маған аман жүрсең ырза ғып
Ел-анаңды бесігіңе асылған.


                                                      Қымыз
Самар толы сары қымыз, бал қымыз,
Әлімсақтан нар халқыма нәр қымыз.
Келесің-ау, бір сарқылмай сабамнан,
Ұлыс сәні, ырыс дәмі жан қымыз!

Серігісің ғасырлардың мың құрау,
Сенсіз жырын бастаған жоқ бір жырау;
Төле, Қазыбек, Әйтекенің алдында
Күлтөбеде туырылып тұрдың-ау.

Ішкен Абай сені шабыт шақырып,
Шамырқанып ішкен талай батырым.
Бір жұтуға зар боп сені өтті ғой
Көз жұмарда қайран Мағжан ақыным.

Алаш ұлы аңсап ішкен ағымсың,
Бағы кезден баяны мол бағымсың;
Құрбы, қонақ, құда, құрдас бас қоссақ,
Өлең төсек өз үйімнің сәнісің.

Сенде адал ақ ниеттің түсі бар,
Танау жарған тобылғының ысы бар;
Жұтып қалсаң, жұмырыңа жүгірген,
Пай-пай шіркін, палуандардың күші бар.

Жұтсам сені, жазылады қабағым,
Дүние кеңіп, дертке дауа табамын.
Шипасың ғой, шабытсың ғой, о, тоба,
Қалай ғана тапқан сені қазағым!

Арман бар ма ішкен сені халқымда?
Атыңды айтып берген бабам антын да.
Антым-қымыз, даңқым –қымыз, өмірде
Сапырылып сабамыздан сарқылма!