Айнабеков Кәрім

Айнабеков Кәрім
            1940 жылы 5 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты (бұрынғы Арыс ауданы), Бадам стансасында дүниеге келген. Новосібір электро-техникалық институтын және Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Шымкент облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасында бөлім бастығы, кейін осы мекеме басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 1998-1999 ж.ж. Ақтөбе қалалық пошта бастығы, 1999-2003ж.ж. «Қазақтелеком» Ақтөбе облыстық дирекциясында қызмет атқарған. Қазақстан Республикасының «Құрметті байланысшысы» атағының иегері, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Қырғыз жазушысы Таш Мияшевтың «Қоштасу» повесін, Александр Гельманның «Ар-ождан алдында» пьесасын, Х.Исламов пен А.Қадыровтың «Малшылар патшасы» пьесасын қазақ тіліне аударған.
Айнабеков К: Өмірбаян // Қазақстан жазушылары. Анықтамалық / Құраст. Қамшыгер С. Жұмашева Қ.-Алматы: Ан-арыс, 2009.-15б.
Айнабеков К. Таң шапағы: Өлеңдер.- Алматы: Жалын, -1977.
Айнабеков К. Махаббат моншақтары: Өлеңдер. -Ақтөбе-1991.-117 б.
Айнабеков К. Сені іздеймін: Өлеңдер.-Алматы: Рауан, 1994.
Айнабеков К. Күнім, күніңмін: Өлеңдер.- Алматы: Рауан, 1998.-108 б.
Айнабеков К. Жанарымда жалғыз сен: таңдамалы өлеңдер мен повесть. -Алматы: Білім, 2002.-236 б.                   
Айнабеков К. Жұлдызым жоғары: Әңгімелер. –Ақтөбе, 2007.-236б.
Айнабеков К: Өлеңдер // Ақтөбе кітапханасы сериясы. 23 томдық. Т.22 –Ақтөбе: Шамшырақ-Ақтөбе, ЖШС, 2014.-320 б.  

Айнабеков К: Өмірбаян // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е. - Ақтөбе -2006.-243 б.
Айнабеков К: Өлеңдер // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2005.-32б.
Айнабеков К. Табу мен тану: Өлеңдер //Ақтөбе.- 2007.-19 сәуір.

                                                              Серт
                                                                                  Қуандық Шаңғытбаевқа
                                      О, бастан-ақ іңкәрмін де, құштармын,
                                      Әуеніне бұлбұл тектес құстардың.
                                      Әйтсе де мен тапа-талтүс кезінде
                                      Көлеңкемдей бір қарыс боп қысқардым.
                 
                                      Қайсы шақта жалын жұтып, мұз емдім,
                                      Кейде шаттық бақшасына жүз ендім.
                                      Енді бірде шың басынан домалап,
                                      Енді бірде оқтау жол боп түзелдім.

                                      Табанымды қара тасқа ұрғылап,
                                      Осылайша бір түрегеп, бір құлап.
                                      Өз аңсаған биігіме жетермін,
                                      Кірпігіммен қиыр шетті бұрғылап...

-          Бітті сенің өр кеудеңнен жыр құлап,-
Деме, аға, - кеттің төмен құлдырап.
Ашыларын мен күмәнсіз айта алам,
Шабыт көзі жүрегімде мың бұлақ.

Абзал аға, сенгейсің тек сөзіме,
Арманымды дәл өзімдей сезіне.
Сене бер тек...
Шөп салмаспын тірлікте,
Қасиетті поэзия көзіне...


                                      Қайыңдар, әппақ қайыңдар
Бойларын түзеп сыланып,
Жұптаса өскен қайыңдар.
Сендерде мол-ау сыр анық,
Аңғара бермес жай мұңдар.

Қарағай орман ішінде,
Өзгеше рең танытып.
Сабырлы мінез пішінде,
Тұрсыңдар нұрға қанып тік.

Сан-мыңды желек бастарың,
Тербеліп самал желменен.
Байқатып тірлік астарын,
Дейтіндей аулақ мен-меннен.

Тіршілік көші бұралаң,
Мен оны ерте ұғынғам.
Жеңілдік әсте сұраман,
Сәттерім жоқ-ты бұғынған.

Шалт басып, рас адастым,
Жалғаннан несін жасырам.
Қайыңдар нәзік-жарастым
Адалдықтарыңа бас ұрам.

Соқса да тағдыр бораны,
Иістерің неткен керім-ді.
Езіліп көңіл орамы,-
Сендерге тостым ерінді.

Аулақтап шықсам ізденер,
Менің де сәмбі, айым бар.
Жасаңдар мәңгі түзге өнер,
Қайыңдар, әппақ қайыңдар.