Сатанов Серік

Сатанов Серік

Ырғыз ауданының Нұра ауылында дүниеге келді. Ақтөбе облыстық мектеп –интернатынан орта білім алған соң Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. «Жазушы» баспасында, «Қазақ әдебиеті», Ырғыз аудандық «Ырғыз», облыстық «Ақтөбе» газеттерінде, Ақтөбе қалалық әкімшілігінде қызметтер істеді.
Сатанов С. Күміс көкжиек: Өлеңдер.-Алматы Жазушы;  
С.Сатанов. Күн махаббаты: Өлеңдер.-Алматы Жазушы;
Сатанов С Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер. Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006,-298 б.

                                        Жандауыс
                        І
Жандауысым жетер ме Жаратқанға,
Дауыл соғып көңілді жылатқанда!
Жаратқан да өзі ғой, жылатқан да,
Енді келіп пендесін жұбатпай ма,
Қамап қоймай қандыкөз сұрақтарға???

Қызық па екен көз жастың көлдегені,
Шалажансар шырылдың өлмегені.
Бол дегені белгісіз, өл дегені,
Түсініксіз әйтеуір  тергегені,
Тығып қойып тірілей көрге мені?!

...Қайран, қайран, қайтейін асылдарым,
Енді білдім Есенин ашынғанын,
Көзінен от Мағжанның шашылғанын.
Қайғыменен қансырап Қасымдарым,
Жүректерге жерлеген ашуларын.

Найзағайдан құлаған емендердің,
Өшін көрдім өртенген өлеңдердің.
Суға кеткен кеменің терең білдім
Шыңғырғанын, шымырлап терең күйдің,
Бас ұра алмай, басылмай өлімге ердің.

Удай ащы үнінен ақ балапан,
Ақ балапан ауаға өт тараған.
Құлағымды кескілеп көп барабан,
Періштені пері құс атты-ау арам,
Дым демейді, үндемей Хақ тағалам!

Жандауысым жетер ме Жаратқанға,
Дауыл соғып көңілді жылатқанда.
Жүрек құсын жібермей тұзақтауда,
Қызығымды келмеске ұзатқан ба,
Қылғындырып, құл қылып сұрақтарға???

                           ІІ
Ақыным-ай, халіңді кім сұрайды?!
Жарылыстан жүрегім тыншымайды.
Іреп жатыр ішімді ібілістер,
Қырсық-қасқыр құлақта қыңсылайды.
Жыр құрайтын кезімде тастан қашап,
Бүйректерім тас болып, күн сұрайды.
Ақыным-ай, халіңді кім сұрайды?!

Түсті білем салмақтың ауыр күші,
Өрттей ысып кетеді бауыр ісіп.
Тұтқын болып төсекте тыпырлайды
Ауырғысы келмейтін тәуір кісі.
Ақ пен қара соғысы жекпе-жекте,
Исатайдай жаяу қап, түңілді іші.

Сөз дегенде бастайтын айдын жолға,
Тіл де келмей, демімді алдым зорға.
Ақ малтаны ас еткен қазақ ұлы
Тамсанады таңдайда валидолға.
Қиқусыз-ақ құлпырып кететұғын,
Мөлтеңдейді мертігіп жаным жорға.

Бала –жүдеу, көңіл –жұт, әйелім де,
Күн кешемін кедейдің әлемінде.
Саудагерлер қаптаған сайқал өмір
Сараң болып сөйлейді өлеңімде.
Рембоны да енді мен шын түсіндім
Өлең қойып, өрт жанған өзегінде.

Уитмен мен Эдгар По аянышты,
Таппаған-ау тұрмыстан таянышты.
Мұқағали, Жұмекен, Төлегендер
Арпалысты баса алмай толғанысты.
Кеңшілік пен Жұматай өтті өмірден,
Пенделікке түршігіп, өр-намысты.

Алдаулар мен арбаулар...бәрі –қымбат,
Дауа болар дертіңе дәрі –қымбат.
Өлуге де қорқасың, өлсең егер,
Табыт –қымбат, жол –қымбат, жері –қымбат.
Адамдардың ақылы қуға айналды,
Қалтаңды ұрлап, әкетер өзіңді ұрлап.

Ақыным-ай, халіңді кім сұрайды?!
Хал сұрауға бұл күндер пұл сұрайды.
Ақырзаман дегенің осы болса,
Ажыратар сырнай мен кім қурайды?
Алжығаны деп білсін дедім-дағы,
Қысып тұрып көмейден жыр шығардым...