Нұралин Қызмет

Нұралин Қызмет

1939 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Қарабұтақ, қазіргі Хромтау ауданына қарасты Тасөткел аулының Ащы елді-мекенінде дүниеге келді.
Өлеңдері мен мақалалары мектепте оқып жүрген кезден  жариялана бастады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 1974 жылы журналистік шығармашылығы үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталды. 1969 жылы жас ақын –жазушылардың республикалық кеңесіне қатысты.
«Ленин туралы», «Балаларға базарлық», «Жас керуен» жинақтарына топтама өлеңдері енді. Ақтөбе қаласынан жеке жыр жинағы жарық көрді.

Нұралин Қ: Өмірбаян мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-291 б.
Нұралин Қ: Өмірі мен өлеңдері // Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы / Мұсаев А. -Ақтөбе, 2006.-253б.

                                            Ағаны аңсау
                                                                             Ізтай Мәмбетовке
Дейтұғын –«сырларыңды қақ бөлелік»,
Ізаға, ақын едің ақтөбелік.
Ақеден ағаларды сағынғанда,
Қайтушы ең Қарабұтақ жаққа келіп.

Ағалар шерткен күйдің сазы ұнай ма,
Әр кезде қоңыр үнді, назы майда.
«Талаптың тебінгісін терге малған»,
Бір күні сәлемдестің Қазыбайға.

Өзіңнен бойы тіптен қысқа тұрар,
Қасыңда Қабылбайдың Сматы бар.
Жүректен жыр шоқтарын жайнаттыңдар,
Пәлендей болса-дағы  іс қапылар.

Жүректе ашылмаған сыр барындай,
Тасыдық Ор мен Ырғыз суларындай.
Тұтасып, тұлғаланып кете бердік,
Бәріміз Қасым жыры шумағындай.

Ізаға, ізің жатыр бұл өңірде,
Шымырлап жырың жатыр жүрегімде.
Қимаймын сен бақилық болды деуге,
Сен барсың ақындардың легінде.

Алыстап келбетің де ұзаған-ау,
Ақынға жасамаймыз біз алалау.
Тас бейнең бой көтеріп Ақтөбеден,
Тұрса екен, аяулы ақын -Ізағам-ау!

    Ордың орғыл құмында...

Есіме аңыз көптен оралады,
Қайсысы шындық оның бола алады.
Аттанған Жібегіне Төлегендей
Асығып Ақжайыққа Ор ағады.

Сүйетін еркелетіп айды құлай,
Төсіңе құшағымды жайдым ұдай.
Алыстан түсіретін бейнемізді,
Ор өзен, айнам болған айдыным-ай.

Әр кезде сылдыр үні ашық қандай,
Жаныңды қуаныштан тасытқандай,
Көз тартып Ордың иірім-орамдары,
Сәмбі тал сән түзейді ғашықтардай.

Қызықтап сырласумен ағысын кіл,
Айтамыз жағасында жарысып жыр.
Баяғы алты қазы Төлегеннің,
Айналып Ор бойында әлі ұшып жүр.