Әбілқайыр Азамат


                   Әбілқайыр Азамат

1994 жылдың 3 тамызында Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Саралжын ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Ә. Дербісәлин атындағы орта мектепті бітірген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлегі. Гуманитар ғылымдарының магистрі. Облыстық арнада қызмет атқарады.

                                    *           *           *
Ауыл жақтан салғалы іргемді алшақ,
Артта қалды балдәурен, күлген бал шақ.
Таңдайға сап балқаймақ сағынышты,
Жүрмін енді қалада қыр белді аңсап.

Сенесің бе өзіңді шын сағындым...
Өскен ұл ем ішінде құм, шағылдың.
Жыр күреңді ерттеп ап ақын ұлың,
Жайлауында жүр бүгін тұмса мұңның.

Жаным анам, жағдайың қалай қазір?
                        Көрген жансың тағдырдан талай зәбір.
                        Сәл сүрінсең үстіңнен аттап өтіп,
Кей адамдар табалап, талауға әзір.

Ана, саған айтайын сырымды қай,
Жеткізбейді жүйіткіп ғұмыр-құмай.
Жан адамға сыр айтпай тек дұғаңмен,
Жаратқанға шағасың мұңыңды ұдай.

Дүр дүниенің есігін жырмен аттап,
                        Ана, саған сыйлайын гүлдер аппақ.
Тағы бізді ойлаумен көз ілдің бе,
Жанарыңның түбіне мұң қонақтап.

                        Ана, сені ешкімге теңгермеймін,
Ұлы десін балаңды көргенді үйдің.
Ел аңыз қып айтса да мен өзіңді,
Әжесінен Абайдың кем көрмеймін...


         *          *         *

Не айтайын, не дейін тағдырға мен?
жалғыздықты дәл бұлай ән қылмап ем.
 Елесіңді іздеймін ескі бақтан,
Жанарымда іркіліп жаңбырлы әлем...

                        Сынаса да біздерді бүгін Құдай,
Таусылмайық бекерге күнім, бұлай.
Қамсыз, мұңсыз болмайды неге бәрі,
                        Неге бәрі болмайды бұрынғыдай?!

 Мен білдім бе өмірдің кереғарын,
Бұрынғыдай болмайды неге, жаным?
Бәрін, бәрін шегерші кейін қарай,
Өзгертуге өмірді келе ме әлің?

Сол өмірге дұрыс па көне салу?
(Гүлге саусақ созады неге сәуір?)
...Өмір деген – біреуге өлу ғана,
Өмір деген – біреуді көме салу.

Амал таппай, құрыдым тағдырға мен.
                        Сор, мұңымды дәл бұлай ән қылмап ем.
Көше бойлап тағы да қаңғып жүрмін,
Қайда кетті, біз кешкен сол бір дәурен?

Қайда әкетіп барады дүрмек мынау?
Дүрмек мына бізсіз де гүлдеп тұр-ау.
Арыла алмай жүргенде күз мұңынан
Көктем келіп қалғанын білмеппін-ау...