Аитова Нұрлыхан

Аитова  Нұрлыхан

1972 жылы Мұғалжар ауданы Жаркемер селосында дүниеге келген. 1995 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген, «Толқыннан толқын туады» атты жыр жинағына енген. («Ер-Дәулет» баспасы, Алматы, 1995).

Нуруллақызы Н. Періште шәрі: Өлеңдер. –Ақтөбе, 2001.-104 б.
Нуруллақызы Н: Өлеңдер // Білезік. -2011.-32 б.- №1.



                                              Шындық
                                                                      Ақиқат жалғыз, шындық көп.

Мен сені ұнатпаймын!
Өзіңді табу еді –бір-ақ қайғым.
Табылдың, жүр ме десем бейішімде
Таба боп табың қапты кей ісімде.
Ұрындым қара таппай тиісуге.
Сен де маған соқтықтың,
Жо-жоқ, жолығыстық
Сәтінде сәлде киген торығыстың.
...Алғаш та кезекті рет
Құрдымға құлдиладым.
Үнім үп, тек үрейім ұқтырғандай
Құлап, өшіп, өртеніп жатқанымды
Өзіңді тапқанымды...
Сұмдық-ай, тіл шықты да, тұншықтым,
Жанымды отқа ыршыттым,
Сырт қалдың ба дегенше, па, тектілік!
Бір періште
Жалбыр жетім жанымды
Әкетті іліп!..
Мен сені жек көремін.
Жоқ екен шек-көлемің,
Шашаң шырғап қалыпты шарттылыққа,
Түкіргенің бар екен мәрт қылыққа
Есе, есеп түк те емес, ең қиыны
Кескіледің жанымды жан арасы,
Жазалады жайымды таң аласы.
«Мұң үрпісін ағытпа, жанымды өзі ет,
Уақталып, осыған қарамашы,
...Ол менікі, жоқ есең, өзгесін сөк», -
Дегенімше, дәтімді езіп кеттің,
Сол үшін де мен сенен безіп кеттім.
Төрткүл дүние!
Кезіп кеткім келеді, кезіп кеткім...
Тәңір ғана төкті де шарапатын
Уақытқа орадым жарақатым,
Түгесілді кейісім,
Кектемедім.
Сәттерім өзіңді іздеп өткен екен
Текке менің!


        *          *          *

Тәңір-төбе!
Мен өлсем игі
Бақытты бір шағымда...
Кірпігіме қонғандай көбелек –мұң,
Жастығыма жыр шығын себелеп мың,
Мәңгілікке іші ән бейне жанып,
Құлағына музаның үні талып
Жеткендейін...Таң сазын
тыңдағандай жүзімде нұр қыздырып,
Тамырымда арайды үр жүздіріп,
Нәрестедей шалқыған тәтті ұйқыда,
Ажал да өзі арбалсын бұ сиқыға,
Бұлбұл бұлтқа ілініп жоқтағандай
Дәуір сәті мызғып, сәл тоқтағандай,
Шайқалып ап мына Жер –бесігімде
Қалғып кетсем. Екі езу есігінде
Күлкі қалқып иесін шығарып сап,
Жүрек қайта дүрсілге құмарытса,
Шіркін, ғұмыр қол бұлғап мұнарытса...
«Әттең-айға» ақтық күн иіп пе еді, -
деп күрсінсе ақ жаным биіктегі
озон иіс, ауа тән типтегі
менің жаным соңында шыққа айналып
өз орнына құласа, түкті де ұқпай қалып.
Ең соңғы рет нүктеге телінерде
Ол билеген тән көпке желінерде
Ғашық болса! Ақырғы рет!
О, тоба! (Ақыл ма онша?!),
Ғафу ет, қапыл болса!