Құрманалин Мұхтар

Құрманалин Мұхтар

            1927 жылы 10 қазанда Қарабұтақ ауданының Аралтөбе ауылына таяу елді мекенде туған. Балалық шағы Қазалы ауданының «Дихан» ұжымшарында (кейін Ғ.Мұратбаев ауылы)өткен. Осында жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қазалыдағы педучилищеде оқып, Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы (қазір Қорқыт Ата атында) институтына түскенмен, тұрмыс жағдайының қиындығына байланысты оқуды одан әрі жалғастыра алмады. Бірнеше  жыл ауыл мектептерінде ұстаздық етті. 1958 жылы журналистік қызметке ауысты. Ақтөбе облыстық, Батыс Қазақстан өлкелік газеттері редакцияларында бөлім меңгерушісі болды. М.Құрманалин  көптеген жыр жинақтардың, очерк кітаптар мен балаларға арналған кітапшалардың авторы. Мәскеулік ақын Вл.Савельевтің аударуымен «Вечный огонь» деген жыр жинағы орыс тілінде басылды. Ол «Жалын», «Балауса» баспалары жариялаған жабық конкурстың екі дүркін жүлдегері.
1971 -1987 жж. Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі болды. Ұстаздық қызметі үшін оған «Қазақстан Республикасы  білім беру ісінің үздігі» құрметті атағы берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Құрманалин М: Өмірбаян // Қазақстан Жазушылары. Анықтамалық / Құраст. Қамшыгер С.Жұмашева Қ.- Алматы: Ан-Арыс 2009.-247 б.
Құрманалин М. Әткеншек: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1963.
Құрманалин М. Жұлдызды сауыншы: Очерктер.-Алматы: Қайнар,1967.
Құрманалин М. Жылқылы ауылдың жігіттері: Очерктер.- Алматы: Қайнар,1968.
Құрманалин М. Шалқар теңіз: Өлеңдер. –Алматы: Жазушы,1968.
Құрманалин М. Аспан: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1971.-54 б.
Құрманалин М. Көңілімде бір күй бар: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы,1972.
Құрманалин М. Мөлдір моншақтар: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1975.
Құрманалин М. Алыстағы найзағай: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1977.-73 б.
Құрманалин М. Вечный огонь: Стихи. –Алматы: Жазушы,1980.
Құрманалин М. Сәлем: Өлеңдер. –Алматы: Жалын, 1981.-72б.
Құрманалин М. Домбыра сазы: Жыр кітабы. -Алматы: Жазушы, 1983.-104 б.
Құрманалин М. Көңіл күнделігі: Өлеңдер. –Алматы: Жазушы,1987.
Құрманалин М. Қағаз қайық: Өлеңдер. –Алматы: Жалын,1990.
Құрманалин М. Жұлдызды жорық: Өлеңдер, поэмалар. - Ақтөбе, 2005.-450 б.
Құрманалин М. Өмірбаян мен өлеңдері / Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасының төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе -2006.-126 б.
Құрманалин М. Өмірбаян мен өлеңдері // Гүл-ғұмыр: Батыр Ә.Молдағұлованың 80 жылдығына арналған ақтөбелік ақындардың  өлеңдер жинағы. -Ақтөбе, 2005.-3 б.
                                                          Ақтөбе
                              Бір кезде жырақ кетіп ауылдастан,
                              Қаламсың қырық бес жыл бауыр басқан.
                              Жыр болып ұяладың жүрегіме,
                              Сен жайлы жазбасам да тәуір дастан.
                              Өмірдің татып талай бал шырынын,
                              Думанды өтті сенде жыршы күнім.
                               Саяңа сән бергелі, бүршік жарып,
                               Біз де бір бойлап өскен тал-шыбығың.
                                Орныққан ақ бесігім ойда бекем,
                                Өзіңдей қайда қала, қайда мекен?
                                Тояттап толған айдай келбетіңе,
                                Әлия даңғылымен бойлай өтем.
                                Бәйгіге қоссаң баптап озады атың,
                                Кезің көп мәртебелі сөз алатын.
                               Арман не, сенің қамқор құшағыңда,
                                Бола алсақ лайықты азаматың.
                               Жырақта жүрек сыздап, сан аңсаған,
                                           Бақытты-ау ордасына оралса адам.
                                           Саяңа ұя салған қарлығаштай,
                                           Жеткенше асығамын, қалам саған.
                                           Ақтөбе, сенсің менің сайран бағым,
                                           Кетпестей кіндігімнен байланғанмын.
                                           Табысың, тамашаң да толып жатыр,
                                           Баяндап тауысайын қайдан бәрін.
                                           Баршаның берік етіп босағасын,
                                           Жалғайсың жүректерді, дос арасын.
                                           Жетпісте біз қартайсақ ештеңе емес,
                                           Сен – жігіт, жайнап мәңгі жасарасың.
                                           Көркіңді досың түгіл жат мақтаған,
                                           Жаныма сол бейнеңді жаттап бағам.
                                           Төбе емес, тау тұлғалы биігімсің,
                                           Арайлы ақ босаға, аппақ қалам!


                                     Өздеріңмен біргемін
«Болашаққа баратұғын жол таңда»,
Деген кезде ой талдадым ортаңда.
Ақтөбенің шежіресін шертетін,
Ақ қағазға түсті талай қолтаңба.
Жырларымды жаттап өсті немерең –
Жетпісінде марқаймасын неге өлең.
Арманыма қол созғанда қаумалап,
Өздерің ғой қолтығымнан демеген.
Сол баяғы таныс көше, таныс бақ...
Еңбегімді келем елге бағыштап.
Алатаудың шығайын деп шыңына,
Астана асып кеткенім жоқ алыстап.
Інілерім жайды төрге төсекті,
Ағаларым ақыл айтты, кісі етті.
Тағдырласым-тап осынау шаңырақ,
Ақтөбеде екінші үйім есепті.
Бүлкілдеген бұлақ көзін байқа, бар –
Тірегімсің толғаныста ой табар.
Аласа үйде тұрғанымен, кім сірә,
Адамдары аласа деп айта алар.
Білем мынау беріктігін іргенің,
Түлеп ұшқан өз босағам бұл менің.
Ақынжанды бауырларым, аман бол,
Әрқашанда өздеріңмен біргемін.