Қабақ Нәжімадин

Қабақ Нәжімадин

         Ақын ХІХ ғасырдың  екінші жартысында қазіргі Шалқар ауданында туып, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында сонда дүниеден озған. Бұрынғы өткен зиялыларды мадақтап өлеңдер шығарған. Нәжімәдиннің бұдан басқа да өлең үзінділері ел ішінде сақталған.

Қабақ Нәжімадин. Өмірі мен өлеңдері // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе: «Полиграф-услуги» 2001.-230 б.
Қабақ Нәжімадин. Өмірі мен өлеңдері // Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.-Ақтөбе: Шамшырақ-Ақтөбе ЖШС , 2011.-339 б.

                                                             Мадақ жыры
Би Шонай алты Алашқа аға болған,
Дұшпанға бар ма жері таба болған?
Баласын үш Ананың шырқ үйіріп,
Еліне Кіші жүздің пана болған.
Шонайдың Отаралы, Қасым өткен,
Күнінде дариядай тасып өткен.
Өзінің болып тұрған заманында,
Дұшпанын аяғына басып өткен.
Кем-кетік, мүсәпірді, байды билеп,
Дүниені бірдей ойлад ахиретпен.
Меңдіқұл, Отаралы, өткен Қасым,
Дұшпаннан аруағы артық, басым,
Кенжесі Мұса мырза жасында өліп,
Жалғаннан арманда өтті асыл затым.
Тау жанып, қаһарланса тоғай күйген,
Пайдасы бастан асып, халыққа тиген.
Хан болып, Кіші жүзді тегіс билеп,
Күніне жан өтпепті Нияз биден.
Нияздың билігі артты алты Алаштан,
Қайраты Ніл дария судай тасқан.
Ақылмен Кіші жүзді тегіс билеп,
Патшадан тақта отырған бақыты асқан.
Патшадан бақыты асты тақта отырған,
Сайраған бұлбұл құстай бақта отырған.
Кәрленіп, ашуланып билік айтса,
Қасында дұшпан шыдап шаққа отырған.
Сайраған патшалардың бұлбұлындай,
Әлидің шапса жүйрік дүлдүліндей.
Хан қарап, би мен мырза отырса да,
Сөз айтқан шаршы топта бір сүрінбей.
Сұм дүние баяны содан да өтті,
Би болып одан туған Шонан да өтті.
Заманы қиын-қыстау кез болса да,
Атқарды өз қолымен талай кепті.
Нәжекең сөзін айтты, ұқсаң мақтан,
Аямай бар білгенді тіл мен жақтан.
Атасы Рүстемнің Зал патшадай,
Шонайдай сөз қозғадым асыл заттан.