Ашубай Жарымбетұлы

Ашубай Жарымбетұлы
(1879-1938)
Шалқар өңіріндегі Кішіқұмда, Сарытепсең деген жерде дүниеге келген. Әкесі Жарымбет өз заманының сауатты адамдарының бірі болған, Ашубайды да жастан оқытып, жақсы білім алуына жағдай  жасаған.
Ашубайдың барлық саналы ғұмыры қуғын-сүргінде өткен, «халық жауы» саналып, 1938 жылы Кеңес түрмесінде қайтыс болған. Ақынның бірсыпыра өлеңдері және Сыр жүйрігі Нұрмағамбет Қосжановпен айтысы сақталған. Нұрмағамбет екеуі бір жарым жыл бойы айтысқа түскен. Ақынның Сырға қызбен айтысы 1965 жылы «Айтыс» кітабының 2-ші томында жарық көрген. Ашубай жазба айтыстың негізін қалаушылардың бірі.

Жарымбетұлы Ашубай: Нұрмағанбет Қосжановпен айтысы // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Асанов Ж. - Ақтөбе, 2001.-211б. 
Жарымбетұлы Ашубай: Нұрмағанбет Қосжановпен айтысы // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе: Шамшырақ-Ақтөбе ЖШС, 2006.-65б. 
Жарымбетұлы Ашубай: Ашубай мен Сырғаның айтысы //Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Асанов Ж.- Ақтөбе: Шамшырақ-Ақтөбе ЖШС, 2011.-274б.
Оралбаев М. Ашубай ақын // Ақтөбе.- 2004.-19 тамыз

                                               Ашубай мен Сырғаның айтысы
            1918 жылы Ашубай Жарымбетұлы жоқшылықпен Сыр бойындағы жекжатына  пойыздық қаражаты болмағандықтан жаяу-жалпылап барады. Жаз айының ішінде таңдайын шөл кептірген  Ашубай Қуаңдарияның сағасында отырған бір бөлек ауылға келеді. Сусын ішейін деп бір ақ боз үйге кіреді. Ол үй Кенжеғұл деген байдікі екен. Бойжеткен Сырға деген қыз жармадан ашытқан быламық береді. Шөлдеген Ашубай быламықты ішіп алады. Артынан Сырға інісіне құмырадан сапырып шұбат құйып береді. Қыздың осындай сараңдығына ақын өлең айтады. Сырға да ақын қыз екен, Ашубайдың өлеңіне жауап қайтарып отырады. Сонымен екі арада айтыс басталады.
Ашубай:
Құдаша, біз жолаушы –сусын керек,
Көріндің ақылы кәміл, сөзге зерек.
Кез келген біздің елден сусын шығад,
Ағарған Сыр, Қуаңда екен сирек.
Мүләйім жүзің жылы бала екенсің,
Мінезің жарар еді болса күйрек.
Тоғайдан қу сағынған қаршығадай,
Көріндің алма мойын бір құба үйрек.
Сырға:
Құдеке, көңіліңіз бар әрбір түрден,
Бейне бір адамдайсыз бұрын көрген.
Жолаушы жер білмейтін жан екенсіз,
Келгендей түріңіз бар алыс жерден.
Қонаққа әркім беред қолда барын,
Сараң деп айтар ма екен бізді білген?
Ойыңда тағы кемдік мүддең болса,
Басқаға шыға алмаймыз көңіліңізден.
Ашубай:
Әуелі сусын бердің ащы жармақ,
Жармақты қонағыңа көрдіңіз шақ.
Сұратпай сусын құйып берер едің,
Әуелден болған болса көңілің ақ.
Сусын мол қанша ішсең де қанарсың деп,
Бағылансып сөз сөйлеме қылып салмақ.
Басқаға көңіліңізден шыққандайсың,
Міндетті болмай ма екен келген қонақ?
Сырға:
Қонағым, молда екенсің оқып білген,
Әртүрлі өнер шыққан көңіліңізден.
Адамның ізін баққан жан екенсіз,
Білдірдің  шамаңызды сөзіңізден.
Дегендей «ел қыдырған болар сыншы»,
Болады сөзге сынақ жиһан кезген.
«Бұл елдің ағы жоқ» деп кемсітесіз,
Шыққалы не күн көрдің еліңізден?
Ашубай:
Әуелі арба мініп шықтым елден,
Адамды «қаріп» дейсіз мұнда келген.
Береді қонағына бұл ел жармақ,
Не қылып тең болады біздің елмен?
Сенімді елімде ақы қалмағаны,
Адам жоқ мүсәпірдің ақын жеген.
Егерде зорлық қылған кісі болса
Сөзім шын әуелгі айтқан «берем» деген.
Қуанбай жеңемін деп қапелімде,
Мен неге шаң берейін жақын жерден.
Елімнің мүсәпірге қайыры мол,
Бар шығар бұл жерде де бізді білген.
Ас қылдық Байқабылға ат шаптырып,
Жүз жылқы айдап қайтқан Кәлмен деген.
Орман мен Қорық, Мәмбетке тағы сондай,
Дәреже озды сөйтіп біздің елден.
Жылқысы айдын көлдің алабындай,
Құс ұшып өте алмайды көлденеңнен.
Болған соң асылың әйел таласасың,
Елімді өзің барып көрмегеннен,
Артынан еш өнбес деп ішіп салдым,
Жармаңды  түсі қоңыр шөлдегеннен.
Шұбатты өз  ініңе құйып беріп,
Отырсың ұялғаннан өлмегеннен.
Сырға:
...Құдеке, ұят болды осы жерім,
Бетімнен ұялғаннан ақты терім.
Тінтіп пе ең  келмей жатып қазан-аяқ,
Мешіннен кетпеген-ау әлі керім.
Өзіме өз кесірім тиіп отыр,
Деп едім ұзартпай-ақ кідіртерім.
Бойымда одан бөтен мінім бар ма?
Жар еді әуел бастан кәміл пірім.