Сидақ Дайрабайұлы

Сидақ Дайрабайұлы

         1872 жылы Қарабұтақ маңындағы Көрпе ауылында дүниеге келген. Оның суырып салма қасиеті халық арасына кең тарап, әйгілі Нұрпейіс Байғаниннің де назарына ілігіп, 1939 жылы кездесіп, екі ақын біршама сөз жарыстырғандары ел аузынан  белгілі. Оның Ырысты қызбен айтысы айтыс өнерінде өшпес мұра болып қалды.
Ырысты қыз бен Сидақ // Айтыс. Т.2 / Жауапты шығарушы: Әлманов А.-Алматы: Жазушы,1988.-48б.
Ырысты қыз бен Сидақ // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов. -Ақтөбе, 2001.-149 б.
Дайрабайұлы С. Өмірі мен шығармашылығы // Мұсаев А.- Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы. -Ақтөбе, 2006.-155 б.

Ырысты қыз бен Сидақ
(үзінді)
Ырысты:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Толғанда он екі айға жыл болады.
Толғанда он екі айға бір жыл болса,
Ішінде неше жұма күн болады?
Сидақ:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Толғанда он екі айға жыл болады.
Толғанда он екі айға бір жыл болса,
Жұманы санап жүрген кім болады?
Ырысты:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Толғанда он екі айға жыл болады.
Құдайдың ұлық күнін санамаса,
Ишандар халыққа неге пір болады?
Сидақ:
Ауылымның қонған жері шым болады,
Толғанда он екі айға жыл болады.
Жолынан шариғаттың шыға берсек,
Көңілі адамзаттың кір болады.
Ишандар мүритімен қызметте
Қосылып жақсы жайда бір болады.
Бір басын таразының күнәң басса,
Сауабың сол арада кем болады.
Жиылып өзгеше бір ел болса да,
Жүз әйел қайратты ерге жем болады.
Ырысты:
Ауылымның қонған жері көл болады,
Көлсіз ел шаруаға шөл болады.
Жыландай шағып сөйлеп көрінгенді,
Бәрі де айтқан сөздің жөн болады?
Сидақ:
Ауылымның қонған жері көл болады,
Көлсіз ел шаруаға шөл болады.
Тастаған түкірігім осы күнде,
Жеріңе жылан шаққан ін болады.
Болғасын жұрттан озған өзім ақын,
Біздерді жеңетұғын кім болады.