АҚЫН ЖЫРЫ - ЖҮРЕК СЫРЫ

      Өлкетану әдебиеттер бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, Сәбит Баймолдиннің туғанына 80 жыл толуына орай «Ақын жыры - жүрек сыры» атты жыр кеші өткізілді.
Кештің алғы сөзі «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Сағызбайұлына берілді.
    Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты «Үш таған» журналының бас редакторы Е.Ашықбаев Сәбит ақынның кітаптары туралы айта кетті. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы А.Абдуллина ақынның шығармашылығына талдау жасап, туған жер, табиғат, өлке тынысын насихаттау бағытында шығарылған өлең-жырларына ерекше тоқталды. Ақынның қызы Ләззат Баймолдина шуаққа, сағынышқа толы естеліктермен бөлісті, кеште ақынның көптеген жырларын «Тарлан» колледжінің студенттері мен №37, №49 ЖББОМ оқушылары жатқа оқыды. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Н.Демешова ақынның шығармашылығын насихаттау барысында облыс көлемінде 400-ден астам көпшілік іс-шаралар өткізілетінін хабарлады.
        Жыр кешіне жыр сүйер қауым, ЖББОМ-ң кітапханашылары және кітапхана оқырмандары қатысып, «Ақтөбе», «РИКА» телеарналары сюжет жасады.




Толығырақ

Өмірбаяны


Қазақтың белгілі ақыны Сәбит Баймолдин – 1942 жылы 5 наурызда Байғанин ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1964 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетін, кейін Қазақ КСР Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Байғанин ауданының Байғанин орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директорлық қызметте болды. Бұдан соң Республикалық «Қазақстан Мұғалімі» газетінің батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі, Батыс Қазақстан темір жол басқармасының органы «Стальная магистраль – Болат жол» газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасының жауапты хатшысы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы болды.

 

Алғашқы өлеңдер жинағы «Жер-мекен» деген атпен 1966 жылы «Жазушы» баспасында жарық көрді. Одан кейін «Қырда туған» (1967), «Монолог» (1969), «Қызыл іңір» (1971), «Сағыныш» (1976), «Алтын гүл» (1978), «Сенемін саған» (1980), «Іңкәр күндер» (1982), «Армия семьясы» (1982), «Бесік жыры» (1985), «Тал кеме» (1988), т.б. өлең кітаптары жарық көрді. Тақырыбы жағынан сан алуан болып келетін С.Баймолдин өлеңдері авторлық өзіндік қолтаңбасына тән ырғақ, ұйқастармен ерекшеленеді. Ақын өз туындыларына замандастардың болмыс-бейнесі, тыныс-тіршілігі, моральдық және азаматтық бағыт-бағдары турасындағы ой-толғауларын арқау етті.

 

Сәбит Баймолдин 2000 жылы 9 желтоқсанда дүниеден озды.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kz
https://adebiportal.kz/kz/authors/view/1367

Толығырақ

Ыбырайым Аһун Құлбайұлы

Ыбырайым   Аһун  Құлбайұлы

                         (1886-1982)
         
    Ақтөбе өңірінің Байғанин ауданында туған. Аһун-шежіреші, діни қайраткер. Ол Батыс Қазақстан өңірі мен Шымкент, Жамбыл, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақ еліне кеңінен танымал тұлға. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген. «Адам ата-Әнес сахаба», «Қазақ шежіресі», «Кіші жүз қазақтарының шежіресі», «Қазақ тегі», «Маңғыстау тарихы» секілді ірі тарихи дастандардың авторы. 1937 жылдары қудалауға ұшырап, Ауғанстан, Иран арқылы жер ауып, Өзбекстан жеріне келіп тұрақтайды. Өзбекстан Республикасы, Жызақ облысы, Гагарин қаласының бір көшесі аһун атымен аталады. 1994 жылы «Арыс» баспасынан «Алтынды орда қонған жер» атты кітабы жарық көрді. 1995 жылы Байғанин ауданында оның аруағына бағышталып ас беріліп, туған ауылы –Жарлы селосында бір көшеге аты берілді.
Ыбырайым аһун Құлбайұлы: Өмірбаян // Байғанин ауданы энциклопедиясы / Бас ред. Кемешов Б.- Ақтөбе.-2008.-408 б.
Ыбырайым аһун Құлбайұлы. Шығармалары // Алтынды орда қонған жер /Құраст. Сағызбайұлы Р.-Ақтөбе: Арыс, 1994.-236 б.
Ыбырайым аһун Құлбайұлы. Өмірі мен шығармасы // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы.-Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2006.-70 б.  
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       
    Ақ тілек термесі
            (үзінді)
      1955 жыл. Тамыз
Әуелі  Алла ылым бер,
Ылым берсең білім бер,
Исламның дінін бер,
Денсаулық берсең ұзын бер,
Ажар берсең ақ пен қызыл бер,
Бойдың сұлу сынын бер,
Ойдың терең сырын бер,
Сөздің рас, шынын бер,
Көздің раушан нұрын бер,
Жақсылардың күнін бер,
Саздылардың үнін бер,
Шешендердің тілін бер,
Дәулет берсең бұлын бер,
Перзент берсең ұлын бер,
Аралассын сән болып,
Арасында қызын бер,
Қызды берсең лайқат,
Алтын айдар тұлым бер,
Рахатлы өмір сүруге
Жанға сая тыным бер,
Айтпастай ешкім бүгім дер,
Шын жаратсаң білімді ер,
Арқасында бұлардың
Қызықталық азырақ
Кешіктірмей бұрын бер,
«Екінші»  берсең бақты бер,
Бақты берсең тақты бер,
Керек құрал затты бер,
Қысқаша қылмай шақты бер,
Оқуға ашып хатты бер,
Мінуге түсіп атты бер,
Сән-салтанат салтты бер,
Арқа сүйер халықты бер,
Ақыл сұрар қартты бер,
Жал-жая жеуге, тәтті бер,
Ішуге шай мен қантты бер,
Тыңдаушылар бұл сөзді
Ақылы жетсе тапты дер.
Сөйлеуге тіл мен жақты бер,
Шын жаратсаң бақтылы ер,
Осы айтылған заттардан
Несие қылмай нақты бер...
Толығырақ

Мөңке би Тілеуұлы

Мөңке би  Тілеуұлы

(1675-1756)
         1675 жылы қазіргі Шалқар ауданының Қопасор маңында дүниеге келген. Белгілі би, көреген ойшыл, Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі, жырау. Әбілқайыр дүние салған соң Нұралы ханның билігін тану туралы Елизавета  Петровнаға жазылған хатқа Орта жүздің белгілі адамдары Жәнібек тархан мен  Керей Наурыз би бастаған топпен, сондай-ақ Кіші жүздің 30 би, батырларымен бірге қол қойған. Дала тарихының ғана емес, далалық діл мен танымның, философияның, эстетиканың, поэзияның Асан Қайғыдан бері қарайғы  дәстүрлі жолын жалғаған Мөңке бидің Дала поэзиясы мен ұлттық философияда алар орны ерекше.

Мөңке  би: Өмірбаян // Шалқар энциклопедиясы / Бас ред. Тілешев Т.- Шалқар, 2009.-215 б.
Мөңке Тілеуұлы. Өмірі мен шығармасы // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы. Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-9 б.
Шекті Мөңке би Тілеуұлы. Ғылыми басылым / Ж.Асанов. -Астана:Елорда, 2001-164 б.
Мөңке. Деректер мен ғылыми мақалалар /Құраст. Ж.Асанов.- Алматы: Ел-шежіре, 2007. -264б.
Мөңке Тілеуұлы. Өмірі мен шығармасы // Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Асанов Ж.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-23 б.  
   Кемал Б. // «Тарихта неше Мөңке бар?» / Шалқар.- 2001.- 4сәуір.
М. Құл-Мұхаммед. // Мөңке би. [Мөңке би Тілеуұлы туралы] -Егемен Қазақстан.- 2003.-18-21 қараша.


     *       *       *
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бежірей деген қызың болады.
Алдыңды кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,   
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмәлдау дінің болады.
Халықтың қанын сорған адамдар болады,
Қабағын түйіп қойып қайыр сұрайтын адамдар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,
Ит пен мысықтай  ырылдасқан,
Еркек  пен қатының болады.
Сарылып келіп тосасың,
Құны жоқ көк қағазды судай шашасың.
Соның бәрін көресің,
Көріп барып өлесің.
Толығырақ

Қызыл Тұрдалыұлы

1860 жылы Темір ауданының Бабатай өңірінде туған белгілі ақын, күміс көмей әнші. Әкесі Тұрдалы сіңірі шыққан кедей, момындау адам болған. Шешесі Тоқанайдың аздап ән шығаратын өнері болған. Бала күнінен ән салып, домбыра тартып, ерке өскен Қызыл кейін дүйім жұртты аузына қаратқан әнші болады. Атақты Мұхит Мералыұлымен Көкжар жәрмеңкесінде танысады. Алғашқы жары Дәмеш қайтыс болады да, Қобданың Тамды деген жерінде тұратын  Теңке деген қызға үйленеді. Одан Еркін деген ұл, Қаныш деген қыз туады. Еркін екі-үш  жасында қайтыс болады. Қаныш майлы кете Балмағанбет ишанның Ысқақ деген баласына тұрмысқа шығады. Қызылдың:

«Майлыда Балмағанбет құдам еді,
         Қаршадай Қанышымды сұрап еді»- дегені осыдан қалған.
Ақынның «Сары ирек», «Сәулем», «Қыз еркесі». «Қожағай», «Жаңғақ», «Қамшыгердің әні», «Ой, көк» «Мешін-тауық» әндері  ел арасында кең тараған.
Алаштан ән оздырған Әнші Қызыл 1921 жылы сәуір айында қайтыс болады.


Қызыл Тұрдалыұлы: Өмірі мен өлеңдері // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е. -   Ақтөбе, 2006.-53б. 
Қызыл Тұрдалыұлы: Өмірбаян // Ойыл. Энциклопедия / Құраст. С.Бақтыгерейұлы.–Астана: Фолиант, 2009.-133 б.  
Қызыл Тұрдалыұлы: Өмірбаян // Темір. Энциклопедия / Жауапты шығарушы М.Әділханұлы.- Ақтөбе: А-Полиграфия, 2010. -359б.
Тоқмырзаұлы Қ. «Мешін-тауық» әні қалай,қашан туды?  //«Алтын орда» №2.- 2003.-17-23 қаңтар. -19 б.
                                                           Мешін-тауық
Қазаққа қиын соқты мешін-тауық,
Жігітке атқа мінген төнді қауіп.
Алшыннан ән оздырған Қызыл ағаң
Үйінен іше алмады көже тауып.
Қайыңды,Бабатай мен Кенжалым-ай!
Қырылды-ау ішер асқа ел жарымай.
Талай үй құлыптаулы қараң қалды
Аштықтың түскеннен соң шеңгеліне-ай!
Бабатай, Қайыңдыны ендей жайлап,
Бәйгеге ат қосушы ем Майлыбайлап!
Самсатып саздау жерге ақ үй тігіп,
Сапырып сары қымыз, бие байлап...

    *     *     *
Ауылым Бабатайда, атым-Қызыл,
Ән толқып, жыр көмейден сеңдей бұзыл.
Кербез-ау, қамзол ки де, шайыңды құй,
Әнге бас, домбыра ал да салқам Қызыл.
Ән салған бала жастан Қызыл едім,
Ән десе, той-думанның қызығы едім.
Кешегі жастық дәурен маусымында
Айдында қаздай қалқып жүзіп едім.
Жасым бар жер ортада, жылым-тауық,
Қызылдың жүрген жері күнде сауық.
Бұл Қызыл «Сарыирекке» салған кезде
Көпшілік аттандырған шапан жауып.
Толығырақ

Жөкей Шаңғытбайұлы

Жөкей Шаңғытбайұлы  

(1901-1969)
 1901 жылы Ырғыз ауданы, Ұзынкөл ауылында туған. Руы- Шөмекей. Кезінде Ырғыз, Әйтеке би аудандарында кеңінен танылған талантты ақын. Ақтөбе өңірінде өмір кешкен эпик ақындардың ақырғы тұяғы. Жөкей  соңында 16-17 дастан қалдырған. Кеңес тұсында бір ғана дастаны «Құл мен қыз» 1964 жылы Алматыдан шыққан «Батырлар жырының» үшінші томына енген. Эпик ақынның «Айша қыз», «Орқабай», «Опасыз жар», «Ақ кер», «Шоңбас», «Дөңарық», «Ақ нар», «Қара кетпен», «Екі қожа», «Елемес-Аман», «Дәме сұлу» сияқты эпикалық жырлары 2007 жылы Алматыдағы  «Ел-шежіре» баспасынан шыққан жинаққа енген. Оның «Кене хан», «Кілем жайған», «Жанқожа батыр» атты дастандары әлі күнге дейін жария көрген жоқ.
Жөкей 1969 жылы Ырғыз жерінде дүниеден озған.

Шаңғытбайұлы Ж: Өмірбаян // А.Мұсаев: Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы.- Ақтөбе, 2006.-131 б.
Жөкей Шаңғытбайұлы: Дастандар / Құраст. Асанов Ж.- Алматы: Ел-шежіре, 2007.-288 б.
Шаңғытбайұлы Ж: Өмірбаян // Ырғыз: Энциклопедия. -Дала ЖШС, 2010.-179 б.  
Шаңғытбайұлы Ж. Өмірі мен шығармалары // Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-321б.
Шаңғытбайұлы Ж.  Асыл қазына: Жинақ./ Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе «Полиграф-услуги», 2011.-220 б.
Ж.Асан. С.Жаянқызы. Жөкей және оның «Құл мен қыз» дастаны. [Ақтөбелік эпик жыршы Ж.Шаңғытбайұлы туралы] // Қазақ және әлем әдебиеті.-2005.-№6.-4б.
Кәртен Б. Эпиктердің соңғы бір тұяғы Жөкей еді // Ақтөбе. -2008.-10 қаңтар.

       
               ҚҰЛ  мен  ҚЫЗ
                      (үзінді)
...Сол кезде қыз Әйім мен ер Талайлы,
Түстенді Тебірге кеп атты жайды.
Түс ауа тас шоқыға шығып алып,
Көз салып алды-артына, абайлайды.
Басында тас шоқының екеу ара,
Басқа жоқ сөйлесерге жолдас-жора.
Бір кезде арт жағына салса көзін,
Көрінді шоғырланған бір шоқ қара.
Көрген соң шоқ қараны кетті шошып,
Келеді зулап салып, жүйткіп, жосып.
Секілді бір бөлек қол аттанған жау,
Қырық кісі жүрген жері басын қосып.
Талайлы деді Әйімге.-Қуғыншы екен,
Жүре бер, мен қалайын, алдын тосып.
Дегенсін қуғыншы екен зәресі ұшты,
Басына тағдыр салды мұндай істі.
Мөлтілдеп көзінен жас, көңілі босап,
Қоштасып, қол алысып айырылысты.
Қуғыншы келе жатқан көріп көпті,
Бұл дұшпан әлде қайтер өңкей кекті;
Жарына қандай зауал тап болар деп
Көл қылып көзден жасты Әйім төкті.
Талайлы деді Әйімге: - Сабыр сақта,
Сүйендік тәуекелге не болсақ та;
Талайға тас түссе де көтермекпіз,
Орынсыз түк пайда жоқ қаймықпақта.
Қош, Әйім, қолыңды бер,ыразы бол,
Тәуекел не деп болса болды осы жол!
Адам басы-өмірдің добы деген,
Көрерміз іс ілгері, белгісіз ол.
Қыз Әйім қош айтысып кетті жүріп,
Талайлы тас шоқыда қалды тұрып.
Қия алмай Талайлыдай есіл ерді,
Артына қарай берді мойнын бұрып.
Тағдырға тәуекел деп көніп қалды,
Қаймықпай қайратына сеніп қалды.
Тұрғансын әрі-бері көп ұзамай,
Дүркіреп қуғыншы да келіп қалды.
Ақырып арыстандай қарсы ұмтылды,
Төзе алмай екпініне қол жыртылды.
Қасқырдай қойға тиген быт-шыт қылып,
Сабылтты, жауды кейін  серпілдірді.
Жапырып жауға қарсы ұмтылғанда,
Кез келді батырсынған Байқадамға.
Тайсалып тәңірі алғыр қаша берді,
Жасқанып, жалт-жұлт етіп оңды –солға.
Тайсалдап жүргенінде жалт-жұлт етіп,
Желкеден салды найза қуып жетіп.
Құлады аттан аунап етпетінен,
Көк найза өңменінен көктей өтіп.
Түсірді батырды аттан ағып өтіп,
Өзгесін қуа берді дүркіретіп,
Түсірді төрт кісіні шалқасынан,
Бірінен соң біріне қуып жетіп...
Толығырақ

Жиембет жырау Бортоғашұлы

Жиембет  жырау  Бортоғашұлы 

XYI ғасырдың соңғы ширегі, XYII ғасырдың алғашқы жартысында  өмір сүрген. Алшын руын ежелден билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін атқарады. Есімнің көрші хандықтармен арадағы соғыстарына қатысады, ерлігімен, іскерлігімен танылады. Жиембет, әсіресе, 1620 жылы ойраттармен арада шыққан соғыста қазақтардың жауды ойсырата жеңуіне мұрындық болады. 1627 жылы  Қазақ Ордасы құрамынан бөлініп, өз алдына тәуелсіз хандық құрғысы келген Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басу кезінде де Жиембет елеулі роль атқарады. Алайда көп ұзамай-ақ орталық үкіметке сөз жүзінде ғана бағынып, Кіші жүзде дербес билік құра бастаған Жиембеттің өзі де ханның қаһарына шалынады. Кей деректерге қарағанда, Жиембет қазіргі Ойыл ауданы территориясында өз ордасын тіккен.


Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары // Бес ғасыр жырлайды: Т.1. / Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев.-Алматы: Жазушы, 1984.-58 б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары //Ай, заман-ай, заман-ай... Т.1./Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев.-Алматы: Жазушы, 1991.-51 б.  
Жиембет жырау: Өмірбаян // Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 10 томдық. Т.2. / Бас ред. Нысанбаев Ә.- Алматы,1998.-685 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Қазақтар. 9 томдық. Т.2.- Алматы, 1998.-75б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармасы // Екімыңжылдық дала жыры /Бас редактор Ә.Нысанбаев.-Қазақ энциклопедиясы, 2000.-130 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Ақтөбе. Энциклопедия / Бас ред. Тәжібаев М.-Ақтөбе- 2001.- 425 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян //  Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық / Бас ред. Тасмағамбетов И. -Алматы: Аруна Ltd. ЖШС,2005.-218 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Ойыл. Энциклопедия / Құраст. Бақтыгерейұлы С.-  Астана: Фолиант, 2009.-305 б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов. – Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-18 б.

  *            *            *
     Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім.
Ес білгеннен Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға
Есіктегі өбесін,
Сонда ханым не десін,
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің,
Жиембет қайда дегенде
Не деп жауап бересің?..
Менімен ханым ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Періктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай.
Көруші едім, Есім хан,
Ханымды күнім, сізді айымдай,
Сырым саған түзу-ді,
Садаққа қалған бұлыңдай,
Жұмыскерің мен едім
Сатып алған құлыңдай,
Жүруші едім араңда
Өзіңнің інің мен ұлыңдай.
Есімде менің сүймеуің,
Істетпеске қойған тіліңдей.
Мен өлсе  құнсыз кетер деме сен
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген
Тілеуберді құлыңдай!
Тілеуберді құлың мен емес,
Мұның, ханым, жөн емес.
Менің ер екемді көргенсің ,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді қылғансың,
Қайратымды білгенсің.
Ағбытпа, ханым, күннен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің...
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған,
Қаз мойынды ханыша
Қалада тұрып жылаған...
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Қайрылып хайыр қылғуға
Қылғаның жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман!
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат сауырысын берермін,
Алыста дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін!
Толығырақ