Жөкей Шаңғытбайұлы

Жөкей Шаңғытбайұлы  

(1901-1969)
 1901 жылы Ырғыз ауданы, Ұзынкөл ауылында туған. Руы- Шөмекей. Кезінде Ырғыз, Әйтеке би аудандарында кеңінен танылған талантты ақын. Ақтөбе өңірінде өмір кешкен эпик ақындардың ақырғы тұяғы. Жөкей  соңында 16-17 дастан қалдырған. Кеңес тұсында бір ғана дастаны «Құл мен қыз» 1964 жылы Алматыдан шыққан «Батырлар жырының» үшінші томына енген. Эпик ақынның «Айша қыз», «Орқабай», «Опасыз жар», «Ақ кер», «Шоңбас», «Дөңарық», «Ақ нар», «Қара кетпен», «Екі қожа», «Елемес-Аман», «Дәме сұлу» сияқты эпикалық жырлары 2007 жылы Алматыдағы  «Ел-шежіре» баспасынан шыққан жинаққа енген. Оның «Кене хан», «Кілем жайған», «Жанқожа батыр» атты дастандары әлі күнге дейін жария көрген жоқ.
Жөкей 1969 жылы Ырғыз жерінде дүниеден озған.

Шаңғытбайұлы Ж: Өмірбаян // А.Мұсаев: Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы.- Ақтөбе, 2006.-131 б.
Жөкей Шаңғытбайұлы: Дастандар / Құраст. Асанов Ж.- Алматы: Ел-шежіре, 2007.-288 б.
Шаңғытбайұлы Ж: Өмірбаян // Ырғыз: Энциклопедия. -Дала ЖШС, 2010.-179 б.  
Шаңғытбайұлы Ж. Өмірі мен шығармалары // Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-321б.
Шаңғытбайұлы Ж.  Асыл қазына: Жинақ./ Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе «Полиграф-услуги», 2011.-220 б.
Ж.Асан. С.Жаянқызы. Жөкей және оның «Құл мен қыз» дастаны. [Ақтөбелік эпик жыршы Ж.Шаңғытбайұлы туралы] // Қазақ және әлем әдебиеті.-2005.-№6.-4б.
Кәртен Б. Эпиктердің соңғы бір тұяғы Жөкей еді // Ақтөбе. -2008.-10 қаңтар.

       
               ҚҰЛ  мен  ҚЫЗ
                      (үзінді)
...Сол кезде қыз Әйім мен ер Талайлы,
Түстенді Тебірге кеп атты жайды.
Түс ауа тас шоқыға шығып алып,
Көз салып алды-артына, абайлайды.
Басында тас шоқының екеу ара,
Басқа жоқ сөйлесерге жолдас-жора.
Бір кезде арт жағына салса көзін,
Көрінді шоғырланған бір шоқ қара.
Көрген соң шоқ қараны кетті шошып,
Келеді зулап салып, жүйткіп, жосып.
Секілді бір бөлек қол аттанған жау,
Қырық кісі жүрген жері басын қосып.
Талайлы деді Әйімге.-Қуғыншы екен,
Жүре бер, мен қалайын, алдын тосып.
Дегенсін қуғыншы екен зәресі ұшты,
Басына тағдыр салды мұндай істі.
Мөлтілдеп көзінен жас, көңілі босап,
Қоштасып, қол алысып айырылысты.
Қуғыншы келе жатқан көріп көпті,
Бұл дұшпан әлде қайтер өңкей кекті;
Жарына қандай зауал тап болар деп
Көл қылып көзден жасты Әйім төкті.
Талайлы деді Әйімге: - Сабыр сақта,
Сүйендік тәуекелге не болсақ та;
Талайға тас түссе де көтермекпіз,
Орынсыз түк пайда жоқ қаймықпақта.
Қош, Әйім, қолыңды бер,ыразы бол,
Тәуекел не деп болса болды осы жол!
Адам басы-өмірдің добы деген,
Көрерміз іс ілгері, белгісіз ол.
Қыз Әйім қош айтысып кетті жүріп,
Талайлы тас шоқыда қалды тұрып.
Қия алмай Талайлыдай есіл ерді,
Артына қарай берді мойнын бұрып.
Тағдырға тәуекел деп көніп қалды,
Қаймықпай қайратына сеніп қалды.
Тұрғансын әрі-бері көп ұзамай,
Дүркіреп қуғыншы да келіп қалды.
Ақырып арыстандай қарсы ұмтылды,
Төзе алмай екпініне қол жыртылды.
Қасқырдай қойға тиген быт-шыт қылып,
Сабылтты, жауды кейін  серпілдірді.
Жапырып жауға қарсы ұмтылғанда,
Кез келді батырсынған Байқадамға.
Тайсалып тәңірі алғыр қаша берді,
Жасқанып, жалт-жұлт етіп оңды –солға.
Тайсалдап жүргенінде жалт-жұлт етіп,
Желкеден салды найза қуып жетіп.
Құлады аттан аунап етпетінен,
Көк найза өңменінен көктей өтіп.
Түсірді батырды аттан ағып өтіп,
Өзгесін қуа берді дүркіретіп,
Түсірді төрт кісіні шалқасынан,
Бірінен соң біріне қуып жетіп...
Толығырақ

Жиембет жырау Бортоғашұлы

Жиембет  жырау  Бортоғашұлы 

XYI ғасырдың соңғы ширегі, XYII ғасырдың алғашқы жартысында  өмір сүрген. Алшын руын ежелден билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін атқарады. Есімнің көрші хандықтармен арадағы соғыстарына қатысады, ерлігімен, іскерлігімен танылады. Жиембет, әсіресе, 1620 жылы ойраттармен арада шыққан соғыста қазақтардың жауды ойсырата жеңуіне мұрындық болады. 1627 жылы  Қазақ Ордасы құрамынан бөлініп, өз алдына тәуелсіз хандық құрғысы келген Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басу кезінде де Жиембет елеулі роль атқарады. Алайда көп ұзамай-ақ орталық үкіметке сөз жүзінде ғана бағынып, Кіші жүзде дербес билік құра бастаған Жиембеттің өзі де ханның қаһарына шалынады. Кей деректерге қарағанда, Жиембет қазіргі Ойыл ауданы территориясында өз ордасын тіккен.


Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары // Бес ғасыр жырлайды: Т.1. / Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев.-Алматы: Жазушы, 1984.-58 б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары //Ай, заман-ай, заман-ай... Т.1./Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев.-Алматы: Жазушы, 1991.-51 б.  
Жиембет жырау: Өмірбаян // Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 10 томдық. Т.2. / Бас ред. Нысанбаев Ә.- Алматы,1998.-685 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Қазақтар. 9 томдық. Т.2.- Алматы, 1998.-75б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармасы // Екімыңжылдық дала жыры /Бас редактор Ә.Нысанбаев.-Қазақ энциклопедиясы, 2000.-130 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Ақтөбе. Энциклопедия / Бас ред. Тәжібаев М.-Ақтөбе- 2001.- 425 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян //  Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық / Бас ред. Тасмағамбетов И. -Алматы: Аруна Ltd. ЖШС,2005.-218 б.
Жиембет жырау: Өмірбаян // Ойыл. Энциклопедия / Құраст. Бақтыгерейұлы С.-  Астана: Фолиант, 2009.-305 б.
Жиембет жырау: Өмірі мен шығармалары //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов. – Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-18 б.

  *            *            *
     Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім.
Ес білгеннен Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға
Есіктегі өбесін,
Сонда ханым не десін,
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің,
Жиембет қайда дегенде
Не деп жауап бересің?..
Менімен ханым ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Періктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай.
Көруші едім, Есім хан,
Ханымды күнім, сізді айымдай,
Сырым саған түзу-ді,
Садаққа қалған бұлыңдай,
Жұмыскерің мен едім
Сатып алған құлыңдай,
Жүруші едім араңда
Өзіңнің інің мен ұлыңдай.
Есімде менің сүймеуің,
Істетпеске қойған тіліңдей.
Мен өлсе  құнсыз кетер деме сен
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген
Тілеуберді құлыңдай!
Тілеуберді құлың мен емес,
Мұның, ханым, жөн емес.
Менің ер екемді көргенсің ,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді қылғансың,
Қайратымды білгенсің.
Ағбытпа, ханым, күннен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің...
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған,
Қаз мойынды ханыша
Қалада тұрып жылаған...
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Қайрылып хайыр қылғуға
Қылғаның жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман!
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат сауырысын берермін,
Алыста дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін!
Толығырақ

Былшық би (Құтаяқ Сейітұлы)

Былшық би  (Құтаяқ Сейітұлы)

(1860-1933)
         Құтаяқ 1860 жылы қазіргі Әйтеке би ауданында дүниеге келген. Әділ төрелігімен ел құрметіне бөленген. Руы - Әлім ішінде Төртқара. Қара қылды қақ жарған билігі үшін әйгілі Сарышолақ ақын оған арнап мадақ жырын шығарған. Би 1933 жылы Кеңес өкіметі түрмесінде көз жұмған. Құтаяқтың түрмеден елге жолдаған соңғы хаты өлеңмен жазылған.

Былшық би (Құтаяқ Сейітұлы): Шығармалары // Асыл қазына: Жинақ / Құраст. Ж.Асанов. - Ақтөбе:  2001.-206 б.
Құтаяқ (Былшық би) Сейітұлы: Өмірі мен шығармалары //Адырна: Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- Ақтөбе: «Шамшырақ-Ақтөбе», 2011.- 165 б.



Былшық бидің түрмеден жазған хаты
                           (үзінді) 
...Сәлем де Жағалбайлы баласына,
Жетіру, Табын, Тілеу, Тамасына.
Қоныстас һәм қадірлес халық едің.
Алғандай қысылған күн панасына.
Ел едің іргең берік, күл төктірген,
Жайықтың түрлі-түрлі саласына.                                 
Ісіңе өзім сот боп барушы едім,
Жік туса екі жұрттың арасына.
Құрметтеп, хан көтеріп қайтарушы ең
Шиеленген мықты түйін таласында.
Айт, Бұжыр, Жетіру мен Төресінің,
Сәлем де бас көтерер данасына.
Біз тұрмыз Ақтөбенің қамауында,
Бар болып қарсылықтың санауында.
Жел беріп, жігіттерді желіктірген
Жерім жоқ мал-мүліктің талауында.
Қор болды кеңшілікте жүрген басым,
Ырғыздың түрлі –түрлі тарауында.
Белгілі түрікпеннің бедеуіндей,
Жерім жоқ бәйгі берген жарауымда.
Өмірге арманменен өкінбес ем,
Сүйегім шықса егер тап ауылда.
Айдарлы Айдарбай қарт көшті өкініп,
Арман мен саясаттың қарауында.
Адайға сегіз арыс аға болған,
Айдекем Адай елін теңгерген ер.
Тағы да тау мен белді, тасты басқан,
Кім мықты шықса, соған теңгерген ер.
Жібермей ел намысын, арын жұртқа,
Жау десе жалау байлап желденген ер.
Зынданда тынып жатпай  қамалды алған,
Халқы үшін жан аямай терлеген ер.
Заманын тура жолмен бірдей көріп,
Сол болды арманменен  жерленген ер.
Біз-дағы соның жолын қуып тұрмыз,
Жалғаннан үміт үзіп, суып тұрмыз.
Бүгін бе, ертең бе деп, тағдыр күтіп,
Ажалға көз бен қастан жуық тұрмыз.
Аман бол, қайран жұртым, қадірлі елім,
Жөнеуге белді бекем буып тұрмыз...
Толығырақ

Бернияз Күлеев

Бернияз Күлеев

(1897-1923 ж.ж.)
 Әдеби анықтамалықтарда «Орынбордың Бөрте ауданында туды» делінетін, Мағжан Жұмабаев «Ақтөбе уезіне қарайтын кіші жүз Әлім руынан» деп жазатын Бернияз Күлеев ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінде үлкен орны бар тұлға. Ол қысқа ғұмырында ағарту, баспа, газет ісіне белсене араласты. Республика халық ағарту комиссариатының қазақ тіліндегі кітаптарды бастырушы өкілі болып Қазан қаласында жүрген кезінде қайғылы қазаға ұшырады. «Ұшқын» (қазіргі "Егемен Қазақстан"), «Қазақ мұңы» газеттерінің алқа мүшесі болды. Қазан қаласында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір» жинағын құрастырып, алғы сөзін жазған, Сәкен Сейфуллин шығармаларының басылуын қадағалап, қамқорлық жасаған. Ол талай қоғамдық жұмыстар атқара жүріп, шамамен 200-ге тарта өлең –толғаулар, қысқа шумақтар, баллада, поэмалар, драма жазып, орыс классикасының кейбір үлгілерін қазақ тіліне аударып, келер ұрпаққа құнды мұра қалдырған дарабоз талант иесі.

«Ұшқын» бетінде  жарыққа шыққан жас Бернияз әдебиетіміздің сол табиғи жолымен шықты. Бірақ екпін тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ, оқушы оған жалт беріп қарап қалған еді. Екпін зор еді...»
                                                                                           Мағжан Жұмабаев


Күлеев Б: Айтшы, ақ қайың: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы,1969.
Күлеев Б: Таңдамалы шығармалары.-Алматы: Ғылым, 2000.           
Күлеев Б: Өмірі мен шығармасы // Екі мыңжылдық дала жыры / Бас редактор Ә.Нысанбаев.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 2000.-354б.
Күлеев Б: Өмірі мен шығармалары // Жәдігер: Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е. - Ақтөбе, 2006.- 493 б.
Күлеев Б: Өмірі мен шығармалары // Жеті ғасыр жырлайды. 2 томдық. Т.2. / Құраст. Е.Дүйсенбайұлы. -Алматы: Жазушы, 2008.-445 б.
Күлеев Б: Өлеңдер // Өлең өлкесі: Қазақ табиғат лирикасының антологиясы / Құраст. Ж.Әскербекқызы.-Алматы: Жазушы, 2009.-99 б.
Күлеев Б: Өлеңдер // Ақтөбе кітапханасы сериясы Т.4. -Ақтөбе, Шамшырақ-Ақтөбе ЖШС, 2011.-280 б.


                                                           Қымыз
Қатарлап құлын байлатып,
Сабаға құйған сар қымыз.
Сапыртып әбден сайлатып,
Қазағым ішкен жазы-күз.

Күмбездей үлкен ақ орда,
Сәні тек оның қымызбен.
Шөлдей ме елі ол барда –
Бәйбіше  мырза, бейілі кең.

Сүйекті сырлы піспекпен
Күңірентіп келіп пісетін.
Аралас сырбаз жас етпен
Бар еді әдет ішетін.

Айран мен қымыз – асыңды
Осы күн, қазақ, ұмыттың.
Дәмі жоқ тілге татымды
Сары суға неге құнықтың?

Бұл күнде қымызы бар кісі
Айранды тіпті көрмейді.
Қымызсыз кедей-жарлысы
«Айран іш» десең көнбейді.

Жалпы жұрт –байы, кедейі
Өзіне бейнет артады.
Қанғандай болып мейірі
Сары суды келіп тартады.

Қояйын сөзді мен жым-жырт,
Тарта бер жақса түріңе.
Айтпады деме, аңқау жұрт,
Сол жетер сенің түбіңе!
Толығырақ

Әкімәлі Қаржауұлы

Әкімәлі   Қаржауұлы

    1885 жылы  Хромтау ауданының Ойсылқара ауылында дүниеге келген. Ашаршылық, колхоздастыру кезеңінің алапат аштығына ұрынған халық мұңын жоқтап өлеңдер жазды. Осынысы үшін 1931 жылы «халық жауы» атанып, қамауға алынып, атылды. Ақынның ұрпақтары Хромтау қаласында тұрады. 1991 жылы аудан халқы Әкімәлінің туғанына 100 жыл толуын ұлан асыр той қылып өткерді. Сол жылы «Халқыма хат» деген атпен өлеңдері жеке кітап болып жарық көрді.

            Қаржауұлы Ә. Халқыма  хат: Өлеңдер жинағы. -Ақтөбе,1991.-46 б.
Қаржауұлы Ә. Халқыма хат: Шығармалары / Құраст.Қаржауов Ш.- Ақтөбе,1997-163 б.
Қаржауұлы Ә. Өмірі мен шығармалары // Жәдігер:Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы / Ред.алқасы төрағасы Сағындықов Е.- Ақтөбе, 2006.-73 б.
Қаржауұлы Ә. Өмірі мен шығармалары // Жеті ғасыр жырлайды. Т.2. / Құраст. Е.Дүйсенбайұлы.- Алматы: Жазушы, 2008.-445 б.
Қаржауұлы Ә. Өмірі мен шығармалары //Адырна: Т.1 Ежелгі жыраулар / Құраст. Ж.Асанов.- «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, 2011.-309 б.


Қолыма қалам алып, жазамын хат
Қолыма қалам алып, жазамын хат,
Мал бітсе ер көңілі болады шат.
Табаның жазатайым тайып кетсе,
Сыртыңнан дос-дұшпаның қылады мат.
Сөзі бар насихатты бұл нәманың,
Бұл күнде болды, халқым, қу заманың.
Қол қойып дүниенің пәннәсына
Жау көріп, бір-біріңді  қудаладың.
Айтамын насихатым білгендерге,
Наныңыз құлақ естіп, көз көргенге.
Бұл күнде досың дұшпан болып жатыр,
Айтпаңыз ішкі сырды кез келгенге.
Мағұлым біз Қаржаудың баласымыз,
Көзінің ағы менен қарасымыз.
Алаштан озған ақын болмасақ та,
Атайтын бір жан елдің данасымыз.
Анамыз Байзақ бидің баласы екен,
Болады Хасен, Қапа нағашымыз.
Сұрасаң менің атым Әкімәлі,
Бақ қонса ердің сөзі бәтуалы.
Дүниеде қасыңызға жолдас қылма,
Ақылсыз, жөн білмейтін лахуаны.
Жақсыға малың барда басыңды қос,
 Ақынның бұл бір айтқан ахуалы.
Толығырақ