Показаны сообщения с ярлыком «Рух-нама» шығармашылық орталығы. Показать все сообщения
Показаны сообщения с ярлыком «Рух-нама» шығармашылық орталығы. Показать все сообщения

Рамазан Нұрдәулет

Рамазан Нұрдәулет

1997  жылы  Шалқар ауданында дүниеге келген. Сол аудандағы білім ордаларының бірі  Ә.Жангелдин атындағы орта мектептен білім алған.
            Орта мектепті алтын медальмен аяқтап, М.Оспанов атындағы БҚММУ-дың фармацевтика факультетіне мемлекеттік грантпен оқуға қабылданды. Қазір сол оқу ордасының 4 курс студенті.
           


Өлең, сыр айтам саған
Тағдырым тұсап байлаған кезде,
Көңілімді мұң жайлаған кезде,
Бас  тартып менен досым дегендер,
Тұманданғанда айналам лезде,
Өлең, сыр айтам саған.

Уайыммен өтсе ұйқысыз түнім,
Кердеңсіп кетсе бей кісілігім,
Күйбең тіршілік қажытқан шақта,
Көбейіп небір күйкісі күннің,
Өлең, сыр айтам саған.

Ағарып атса ажарсыз ақ таң,
Сарсытса жанды орынсыз мақтан,
Айырық жолмен шеткері кетсем
Таба алмай орын ақындық таптан,
Өлең, сыр айтам саған.

Адамнан алыс күн кешер болсам,
Тәңірмен тілсіз үндесер болсам,
Жанымды ұғар қара таба алмай,
Өзіңмен, өлең, тілдесер болсам
Сыр айтам саған...
Мұң айтам саған...

Жаңа заман иесі
Айбарымен арыстандай алты әлемді теңселткен
Бабамызға қалмағандай бас имеген шен-шекпен.
Ұлы Дала ұлылығын ұластырар ұрпақпыз,
Алтай менен Атыраудың аралығын енші еткен.

Жер түгілі дұшпанына жібермейтін тасын да,
Үстем қойған ар-намысын жанынан да расында.
Рухы биік, тәні бекем дүлдүл батыр ізіміз,
Құрметтейтін үлкендерін, ізеттейтін жасын да.

"Елім"-дейтін еңіреген ерлері бар еңселі,
Жарқын болсын қазағымның болашағы, ертеңі.
Өр мінезді өрендерің өркендетер атыңды,
Қазыналы тарихыңды сырға қосып шертеді.

Мағжан сенген жастар барда таусылмайды азат күн,
Өз елінде ұлтан болу сұлтандықтан ғажап тым.
Жігерің де, айбарың да, ортаймасын рухың да,
Қазақ елі - мемлекеті, отаны бар ғажаптың.



Өзім жайлы (анкета)…
-Аты-жөнің?
-Рамазанов Нұрдаулет,
Затым-дағы атыма сай бір сәулет.
Ел-жұртының болсын күні, дәулеті,-
Деп ырыммен атам өзі қойған-бек.

-Туған жылың?
-97 қаңтары,
Ықыласпен атқан әрбір нәр таңы.
-Туған жерің?
-Шұғылалы Шалқарым,
Адал жандар – жастары да, қартаңы.

-Анаң барма?
-Әрине бар "аяулым",
Түспесін деп көңіліне қаяу мұң,
Мен-дағы бір өскелең жас бәйтерек,
Анашыма, ақ сүт берген, саямын.

-Ал, әкең ше?
- Әкем де бар "ардақтым",
Сөйлегені тым ерекше салмақты үн.
Бұл тағдырдың тәлкегіне түсірмес,
Асқар тауым, басы болған бар бақтың.

-Бауырларың?
-Қарындасым жалғыз-ақ,
Немереден інілерім бар бірақ.
Төртеуі де төрт құбылам секілді
Тату-тәтті жағада өскен бал-құрақ.

-Елің қандай?
-Сұрақ қойдың ең ізгі,
Жұрты үшін кешіп өтер теңізді,
Жүректері "қазақпын" деп соғатын,
"Қырғыз" дейді ел бізді.

-Өнерің не?
-Туғанымнан ақынмын,
Шыр етіп-ақ шабытымды шақырдым.
Қазағыма нәсіп болган өлеңмен,
Дамығанмын ішінде де жатырдың.

-Соңғы сөзің?
-Мен ұлымын халықтың,
Қазақтағы қара өлеңге қанықпын.
Дәулеті боп нұрын шашар елімнің,
Жүректегі жырымменен жарықпын.


Астана


Шабытым шақырғанда жырақтан бір,
Өлеңім төгілгендей бұлақтан нұр.
Сарыарқа, кең төсіңде қоныс тепкен,
Астанадай мені де қуаттандыр.

Сәулеті таң қалдырар заңғарымен,
Әр тасы қаланғандай сан лағылмен.
Көз тастап қарай берем аттанардай,
Жүйткіген желден жүйрік арманыммен.

Естілер есігінен достық үні,
Ордамның болмас әсте бос тұғыры.
Астана-кербез сұлу бойжеткендей,
Төгілген Есіл, Нұра - қос бұрымы.

Келбеті сұлу біткен дара мүсін,
Тәңірім сыйлаған бар бағалысын.
Қазақтың қасиетті жерұйығы,
Қастерлеп кие тұтар маралысың.

Сүйемін тамсандырар ажарыңды,
Сипатың күллі әлемге ғажап үлгі.
Астанам, көркейе бер, гүлдене бер,
Жаһанға танытумен қазағыңды.

Утепбергенова Анжелика Адилханқызы

Утепбергенова Анжелика Адилханқызы

Ақтөбе облысы,Мәртөк ауданы,Сарыжар ауылында туған. Хлебодаровка орта мектебінің 11 сынып оқушысы.







Табынның жыры


Кеудемде,
айта алмай жүрген
Налам бар.
Жүрегімде қап кеткен,
Жөнсіз жарам бар.
Жазса екен деймін,
Жауыздықтарын жұртымның
Шабыт кернесе
Қалам тербейтін,адамдар.

Рухымыз сөніп,
Тәрбие деген бесік тал.
Өмір теңіз деп,
Бір рет қана кешіп қал.
Дейміз де оны,
Рахатқа теңеп уақытша
Жаның төзсе егер
Ар-ұятыңды шешіп қал

Қазір,
Бұлыңғыр бәрі)
Бұлыңғыр заман)
Тар пейіл.
Шуақ шашады,
Сонда да жанға
Әр мейір...
Рухани біздер,
 жаңғырар едік.
Егер де,
Жақсы ойласа,бар дүйім.
Бесіктегі пәк,
Шараналар да
Естісе екен
Жанашырының әлдиін...

Санадан кетсе,
сарқылар сөзсіз,ар,иба,
Пенде келді ғой.
Құлшылық үшін фәниға.
Тәңірді ұмытып,
Тасада қалды иманда.
Заманда мынау
Азғынға ерме,иланба!)

Парақорларды,
 парасаттыға санадық.
Тасада қалды ,
шындық айтатын әр алып.
Біреудің біреу жанын қиғанда
Таң емес
Болмайды бұл да
Ел үшін қазір жаңалық.

Еліктеу деген,
Есіру деген себепсіз.
Заманға қазір,
Ақылдылар да керексіз.
Жақсы жұмысқа
Орналассаңыз,
Бірден-ақ,
Аға көкеге жалынғансыз ғой
Демек сіз!)

Рухани өсу,
Рухани өшу 
боп қалды.
Жария етеміз,
Жаңалық қылып
жоқ барды.
Елбасы ұлтты
Жаңғырту үшін
Саясатты да
 сан өзгертті ғой
Оқталды.
Ал,ол
Жаңғыру емес.
Құр жаңғырықтар
Боп қалды...

Көпке бармайды,
Таққа отырса да
Ақылсыз.
Ал,бар ғасырларда
Шындық өледі
Ақынсыз!)
Сіз де,
 қорқақтап жүрген боларсыз
Таса да
Жанашыры көп жақынсыз.

Жыр  қағанына 
айналмай-ақ мен қояйын,
Шындыққа тура қарау керек қой әйткенмен...
Әділетсіздікті қаламмен ғана жояйын,
Ал "Рух"- ты мен өзім көтерем қайткенмен.

Рухымды оятып, 
текті өлең туды тектіден.
Қыз болсам дағы,
Дауылдан қатты екпін ем!
Дәл осы жырды
 құлаққа құйған бабам бар,
Табыннан туған,
 Табынның жыры деп білем.

Нұрмағанбетов Мерген

Нұрмағанбетов Мерген
 Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Ебейті ауылында туған. 2015 жылы Абай, Шәкәрім, Махамбет оқуларының  аудандық кезеңінде «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағыты бойынша I –орынмен, 2016 жылы  осы  байқаудың  бас жүлдесімен марапатталды. 2016 жылы Жалпы білім  беру ұйымдарының оқушылар арасында  XII республикалық Абай оқуларында көрсеткен белсенділігі  мен қол жеткен ерекше жетістіктері үшін марапатталды. 2017 жылы Республикалық «Ақберен» байқауының облыстық кезеңіне қатысып, қазақ халқының рухани мұраларына деген сүйіспеншілігін жоғары дәрежеде көрсете білгені үшін   II- орынмен  марапатталды.


 Адамзаттың алыбы  ұлы Абайға

Қазақта танымайды Абайды кім?
Халқымен бірге тартқан талай мұңын.
Тарқатып мен айтпасам кім айтады?
Алпысында қиылған жол айрығың.

Жазушы,ақын,әрі аудармашы,
Тауға да,тасқа соққан заңғар басын.
Болар деп,соқпақ іздеп үміт күтіп,
Сеніммен,сеніп келген таңдарға шын.

Абай –ұлы,данышпан,Абай – дана,
Қара сөзін ұқпассың қалай ғана?
Осындай бетке ұстар ұлығың бар
Жарасып тұр елім-ау шарайнаңа.

Қазағым,Абай сенің қарашығың,
Аласармас асқарың дара шыңың.
Абайдай ұл туар ма бұл заманда?
Халқымен бөлісетін қара суын.

Кешпеген күндері аз мұңсыз қайғы,
Елі үшін жүрегі шын сыздайды.
Кешегі хакім Абай салып кеткен,
Қара өлеңнің бүгіні құнсыздайды.

Білемін қазағымның ақыны көп,
Сөздерінен тұратын атылып оқ.
Бірақ сол көп ақынның ішіндегі
Тең келетін Абайға татыры жоқ.

«Ескендір», «Әзімімен», «Масғұттары»
Қалған жоқ бұл заманда қақсып бәрі.
«Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ»
Осыны жастарымның жақсы ұққаны.


Болашақтан   береді жорық хабар,
Өлең жоқ оныкіндей оңып қалар.
Дархан елдің дарасы, дарынды Абай
Ұлылардың ұлысы болып қалар.                                                                                                                        





Достым сені

Ашу келіп қайнағанда зығырың,
Таба алмайсың адамдықтың жұғынын.
Сезбейсің ғой ертең күліп жүресің,
Достым,сені, өкпелетсе бүгінің.

Достым,сені, өкпелетсе ертеңің,
Ертеңің ол,бір ғажайып ертегің.
Мына өмірге сонда да сен налыма
Арғы күні өсер, бәлкім, өркенің.

Достым ,сені, өкпелетсе арғы күн
Жапса-дағы келбетіңді арлы мұң.
Сонда да сен алға қарай жүргейсің,
Ұмытасың өткеніңнің барлығын.

Достым ,сені өкіндірсе кешегің,
Басса-дағы бар жүзіңде неше мұң.
Сорлы тағдыр бір өзіңе қарамай,
Қайтер едің төгіп кетсе нөсерін?

Достым, сені өкіндірсе өткенің
Естілмесе үнің,назың,өкпе мұң.
Сонда да сен алға қарай жылжымай,
Бекер болар көз жасыңды төккенің.

Достым ,сені өкпелетсе бұл жалған,
Сен боларсың сонда өмірге шыңдалған.
Сірә,бір күн бақытыңды табарсың,
Құлатса да, санап жүріп мың жардан.
            

          Аз ғана шындық

Білемін бізге енді қарамас құт,
Иманды ібіліспен ала қаштық.
Жаныңды жәннат баққа кіргізбейді,
Тәніңді билеп кеткен жалаңаштық.

Сырыңды сыртқа ашқан сайқал кілең,
Көзіммен күнде көрем сайтанды мен.
Тапшылықтың болмауы аздырды да,
Жақсылықтың орнауы байқалды кем.

Баяғы басын тігер батыр қайда?
Батпанын бәлелерге батырмай ма?
Құлдары құлшылығын етіп жүрсе,
Құдайым құт-береке татырмай ма?

Тежеусіз тыя алады нәпсіңді кім,
Ұлғайып ауру болды, асқынды мұң.
Жаныңда жолбарыстың қайраты жоқ,
Қаныңда сыңсиды кеп қасқырлық үн.

Кер заман буындырды кеңірдектен,
Жарасын жеңіл-желпі желімдеткен.
Жарлы болсаң жаныңа жуымас жан,
Биік болу керек қой шенің көптен!

Жауыздықтан жасалған ойың жаман,
Арамдықпен ағады бойыңда қан.
Не бір түрлі сұмдықтар жатыр екен,
Әлі күнге нүктесі қойылмаған.

Тұрса да бағынбаған сын алда мың,
Ажал келсе бәрібір шығар жаның.
Ұмытпа тәубең менен иманыңды,
Бәрі де тек қолында бір Алланың!

Көшкінбай Айболат Ардақұлы

Көшкінбай Айболат Ардақұлы

01.09.97ж. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Филология факультетінің 1курс студенті.





Қайталанбас Рух, қайталанбас өлең.

Аға буын сен кешір!
Қайталағым келмейді ешбіріңді,
Оқымадым сондықтан ешкіміңді
Кеш, бұнымды түсін де кеш, мінімді
Болсадағы пәк асыл ескі құнды,
Я, рас мен сағынам
тәккаппар тұлпар текті
Кісініспен шығатын есті үніңді.

Сонда да мен..... кешіре гөр!
бәз басқа жол қарап ем
Қайталаулар неткен көп қайталаулар
Еш жүрекке, сезімге болмаған ем.
Мен оларды сүбелі поэзия
асын ішсем... майлық қып қолданар ем.
Оқымастан жыртар ем долданар ем.
Оңды жолды іздеген оңбаған ем.

Солай дерсің
бірақ мен қайталасам
Жанбаймын күйрей кетем
Өлеңдегі өзімді сүймей кетем
Одан қайта бөлекше сүрлеуменен
Деместен бүйдей ме екен сүйдей ме екен.
Асыл сөздің киесі әдебиетті
Доңғалақты арбаммен сүйрей кетем.

Еркінқызы Әсел

Еркінқызы Әсел
       1998 жылы туған. Бірнеше республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері.






                  "РУХ"

Сан жылдардан көрдік қандай өкпені?
Болғанымен асау сындар өткелі.
Тығырықта Тәуелсіз ел атандық,
Рухты халық емеспе едік өйткені?!

Бабалардың жалғап жолын кешелі,
Рух сыйлайды естеліктер кешегі.
Бейбіт күннің таңын, шүкір, атырсам,
Болғаны-ау, бағым баста бес елі

Жігерімде бабалардың қаны бар,
Жырларыңда сол жалынның табы бар.
Қазақ қаны қайнап іштей үнемі,
Ерлік етіп, қорған болар шағы дәл!


"Байрағым- бақыт құсым!"

Байрағым-бақыт құсым көгімдегі,
Жырларымды арнаймын өрілмелі.
Дархандығын елімнің айқындайтын,
Тәуелсіздік нышаны елімдегі.

Көк байрағым, асқағым киелімсің,
Сені тек қазақ жұрты иеленсін.
Күн нұрын төгіп тұрар қазағыма,
Сол нұрыңмен еліме иегерсің.

Бұлт көшіп жатқаныменен алашымда,
Биік тұрса, байрағым, жарасымда.
Самғайтын қыран құстай желбіреумен,
Азат елге сол үшін дарасың да.

Тұрғайсың мәңгілікке желбіреумен,
Тарих бетін тұлғаңмен жеңдірумен.
Жырларын төгіп дәйім елім үшін,
Азат ұлан тұрады елжіреумен.

Басымда тербетілген жыр-ән бағым,
Сені қорғап өтеді ұландарым.
Көк туды әрқашан биік ұста,
Тек қана "Алға" болсын ұрандарың!

Ізбасарұлы Исатай

Ізбасарұлы Исатай


1997 жылдың 8-ші маусымында Ақтөбе қаласында дүниеге
келген. Батырлар мекені – Қобда өзенінің бойында, Жарық ауылының топырағына
туып өскен. 2015 жылы М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға
арналған, мамандандырылған мектеп-интернатын бітірді. 2017 жылы Қ.Жұбанов
атындағы АӨМУ филология факультетінің Қазақ филологиясы мамандығына түсті.
Өлеңдері облыстық, университеттік шығармалар жинақтарында жарық көрген.

Ізбасарұлы И. Жас қаламгер:Шығармашыл жастар жинағы.- Ақтөбе: "Жұбанов университеті" баспасы.-2018.- 114б.
Ізбасарұлы И.  Жауқазын: Жас ақындар жинағы.- Ақтөбе: "Хабар-Сервис" ЖШС баспасы.- 2018ж.- 208б.


Ақсақалдар

Тылсымдайын далада ғажап қылаң,
Көкжиекті жасырған сәл ақ тұман.
Қырау шалған ағаштар өзен бойы
Ақсақалдар секілді қарап тұрған.

Жамылып ап кіршіксіз қардай құтты
Даладағы аңдиды әр жайтты.
Күн нұрына бөленіп бойын алған
Қара талдар ақ түсіп қартайыпты.

Жасырғандай құдды бір ақ қараны
Қара талдар қыраумен қапталады.
Сұмнан сақтап ақсақал қырау талдар
Аңдып тұрған секілді ақ даланы.

Елді баққан ежелден атам екен,
Қамын қуып кетіпті жаққа бөтен.
Ақша талдар даланы қалай бақса,
Солай бізді аталар баққан екен.

Аталарым аңызын біз жаттаған
Ел табанын ешқашан сыздатпаған.
Қырау қарып, жандарын жалмағанда
Ақша талдар секілді міз бақпаған.

Шыбығына жаз түссе, шаң жұттырған,
Қытымырда қырауға шалдықтырған.
Өзен бойлап бой алған аққұбалар
Аталарым секілді аңдып тұрған.

Ақ сақалды, ақ шашты ақша талдар,
Байқамаған шығар да басқа жандар.
Қоныс тіккен Қобданың жағасына
Мен сіздерді сыйлаймын, ақсақалдар!



Өлең

Кейде жырым оқысаң, жан тербейді,
Мұң шалады жаныңды, шат кернейді.
Арындатқан ағынын бөгемессің
Жер қайысқан қолыңды әкел, мейлі.

Жазамын деп жарамды, кеселімді
Маужырамай өткіздім неше түнді.
Жырлағанда тіршілік дамыл тауып,
Жыр оқысам, тыңдауға көше тынды.

Мүмкін оған сенбесің, сенерің де,
Өлеңімде өмірім, өнерім де.
Алдарыңда тұрған жоқ Исатайың,
Исатайың жазылған өлеңімде.



Отан

Отан, неткен ыстық ең оттан бетер,
Сен дегенде садағын тартқан нөкер.
Сен дегенде аянбай қайран Қазақ
Атқа қонып, "Аллалап", "Аттан" деген.

Ұмтылатын мені де ала шыңға
Отан менің қос біткен қанатымда.
Тамшысын да жауынның тигізбеймін,
Жолатпаймын отты да жалатуға.

Өлең болып құйылған қаламыма
Отан менің жасымда, жанарымда.
Ататұғын алаңсыз таңың үшін
Жаным болсын берерің, аларың да.

Отан менің намысым, Отан- арым.
Артық көрем жанымнан жоталарын.
Жалындатып Отанды жырлау үшін
Отанымнан өшпеске от аламын.

Егін болып бітем де алқабына
Қуанамын Отанның әр таңына.
Мақсатына қолы боп ұмтылам да,
Тұлпары боп апарам арманына.

Тілеухан Дәурен

Тілеухан Дәурен

Дәурен Тілеухан 2000 жылдың 28 қазанында Ақтөбе облысы,Әйтеке би ауданына қарасты Көрпе ауылында дүниеге келген. Жырлары облыстық, республикалық баспасөз беттері мен сайттарда  жарық көрген. Республикалық  «Ақберен» байқауының жеңімпазы. Соның нәтижесінде Түркістан облысындағы Қ.А.Яссауи ат. ХҚТУ-нің студенті.
Бала аспанның жұлдыздары...
Көрдің бе түннің мына тылсым нұрын?
Паш етіп бір сұмдығын.
Жанарымды еріксіз еліктіріп,
Жүрегімді жұлдызға жерік қылып,
Сағынышқа сусаған көңілімді,
Сырға малды,өлшеулі өмірімді.
Осы аспанның астында өткен сәттің ,
Көбі шаттық шашатын,көбі мұңды...

Сырласым мен мұңдасым  мылқау ғалам,
Көгінде бұлт аунаған.
Күн кетсе Ай жететін алып-ұшып,
Жұлдыздар ары-бері сабылысып,
Жалын ұшып жататын ғарыштан да,
Табысқандар,куә ғой қауышқандар,
Құпиясын біле алмай мына түннің,
Мен үнсіз көкке қарап тұратынмын.

Мұң жастанып кенеттен түнгі аспанды,
Жұлдыз болып кірпіктен бір жас тамды.
Сосын қора маңына таяу бара,
Бақылап жатамын мен  баяу ғана,
Жасыл шөптің үстінен нұрлы аспанды...

Кеудемде орын алса көк тұрағы,
Қиял боп кетті бәрі.
Зуылдап жету үшін сол әлемге,
Періштеге айналғым кеп тұрады.
Ай күлсе,жымыятын қыр қызы да,
Қарайтын күн қызғанып,гүл қызыға.
Әлемнің бар жарығы жетпейді ғой,
Дәуреннің бала күнгі жұлдызына...

11.11.17жыл
        *     *     *      
...Күз жылатқан...
Күзгі бақтан мұң көріп,
Сағынышты-санадағы жыр дедік.
Менің мынау үркіп қалған үмітім,
Кететіндей жапырақпен бірге өліп...
Нәзік самал үп еткендей үн қалсын,
Жыр қалсыншы, бәлкім сонда тыңдарсың...
Сағыныштан сарғаятын сезімнің,
қасіретін түсінетін кім барсың?
Өртім де осы өзегімді шарпыған,
Дертім де осы- дауа таппай алқынам.
Өкініштен өксік келіп жүрекке,
Жанарымды тамшыларға малтығам...
Ей, сұлулар, нұр жүздері жайнаған,
Өткенім боп қалыңдаршы жәй ғана.
Мен ендігі түнеруді тыям да,
Бір арудың бақытына айналам!
Іште қалып қанша қайғым көнерген...
...Жаңа парақ-Жазылмаған өлеңмен,
шимайлардан, шиырланған жолдардан,
Үр қызындай қыр қызына келем мен!
               Ақ арман
Жұлдыздай жарық нұрын жаққан алдан,
Мен сені ұмытқам жоқ Аппақ арман...
Сырласып сол бір қызбен баққа барған,
сәттердің сағым болып бүгін бәрі,
Менің  аңғал кезімдей артта қалған...
Ол барда-от жүректің жанар бағы,
жолында құрбан болып қалар бәрі...
Үзілмес үмітімдей жанардағы,
Мөлт еткен мөлдір мұңнан жаратылған,
Қайдасың, аңғал кездің ақ арманы?!